Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында 75 жастағы зейнеткер қарияның әкімдікте жұмыс істейтіні рас па

Опубликовано:

Таяққа сүйенген қария
Көрнекі фото: Pixabay.com

Ақтөбелік қоғам белсендісі Байғанин аудандық жұмыспен қамту бөлімінде 75 жастағы зейнеткер қарияның шаруашылық бөлімінің меңгерушісі ретінде тіркеліп, жалақы алып отырғанын айтады. Ақсақалдың жұмыссыз жастарға орын бермей, әлі күнге қатарда жүруі қоғам белсендісіне жақпаған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Гүлмира Жұмағалиева есімді ауданның белсендісі әлеуметтік желіде 75 жастағы ауыл ақсақалының мемлекеттік мекемеде қызметкер ретінде тіркеліп, жұмысқа бармай, 60 мың теңге жалақы алып отырғанын жазған.

"Көптеген жұмыс орындары жаппай жабылып, жұмыссыз адамдардың қатары көбейіп, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп жатқан кезде жасы 75-ке келген, ауданның құрметті азаматы атағының иегері, ауданда бар барлық қоғамдық ұйымдардың мүшесі, зейнеткер ақсақалымыздың аудандағы бір мемлекеттік мекемеде шаруашылық меңгерушісі болып тіркеліп, жұмысқа бармай-ақ 60 мың теңге жалақы алатындығын қалай түсінуге болады? Әлде, бұл ақсақал әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың қатарына жатқызылған ба? Олай айтуға да ауыз бармайды. Тұрақты зейнетақысы бар, астында мемлекет тарапынан берілген автокөлік", - дейді Гүлмира Жұмағалиева.

Қоғам белсендісі Байғанин аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының 75 жастағы зейнеткерге жұмысқа келмесе де жалақы төлеуінде сыбайластықтың белгілері бар-жоғын анықтау керектігін жазады.

Аталған жайтқа қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жауап берді. Әкімдік қарияның мемлекеттік мекемеде шынында да қызмет ететінін растап отыр. Сондай-ақ оның қызметтік автокөлігі туралы да пікір білдірді.

"Ермекбаев Ибрахим Ермекбайұлы Байғанин аудандық ардагерлер ұйымының кезектен тыс пленумының 2012 жылғы 22 қазандағы №1 хаттамасына сәйкес аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы болып сайланды.

Сонымен қатар, 2016 жылдан бері облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі қызметін қоса атқарады. Қоғамдық қызметтерді атқару үшін арнайы қызметтік орын бөлініп, белгіленген уақытта жұмысын атқарады.

«Байғанин аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының 2012 жылғы 5 қарашадағы №67 «Уақытша жұмысқа қабылдау туралы» бұйрығына сәйкес аталған мекеменің шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа қабылданып, бүгінгі күнге дейін қызметін уақытымен, толық атқарған.

Ермекбаев Ибрахимге қоғамдық жұмыстар барысында пайдалану үшін берілген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің балансындағы тозығы жеткен, қалдық құны жоқ «НИВА» автокөлігі берілген, алайда бұл автокөлік жарақты етіп жүргізуге мүмкіндік болмаған соң кері қайтарылған", - дейді Байғанин ауданы әкімдігіның баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906493-aqtobe-oblysynda-75-zastagy-zeinetker-qariyanyn-akimdikte-zumys-isteitini-ras-pa/

pixel