Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат: Қоғамдық тамақтану орындарындағы шектеулер алынсын

Опубликовано:

Дәния Еспаева
Фото: akzhol.kz

Карантин талаптарына жауапты мониторингтік топтың жұмысы кәсіпкерлердің наразылығын тудыруда. Олардың жұмысын депутаттар да сынға алып, жөн-жосықсыз шектеулерді алып тастауды ұсынды деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Депутат Дәния Еспаева мониторингтік топтардан бастап, санитарлық дәрігерлердің жұмысына дейін сынға алды. Ол бизнес өкілдеріне қойылған талаптар қисынға сыймайды деген пікірде.

Оның айтуынша, мониторингтік топтардың жұмысы біріздендірілмеген. Тіпті, заңсыздыққа барғандары да көп. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмысын тоқтатып, қоғамдық тамақтану орындарына салынған тыйымдарды алып тастау қажет деп отыр.

"Сауда, қоғамдық тамақтану және қоғамдық көлік объектілерінің жұмыс күндері мен уақыты бойынша тыйымдар алып тасталсын, тек маскалық режим мен келушіге арналған алаң нормасы бойынша шектеулер қалдырылсын. Клиенттердің талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлер жазаланбауы тиіс", - дейді "Ақ жол" фракциясының мүшесі.

Қоғамдық көліктерде жолаушы саны шектелмегенін, ал тамақтану орындарында шектеулер көптігін алға тартқан депутаттар карантинге қатысты қисынсыз шешімдерді түсіне алмайтынын айтуда.

Шектеулерден нәтиже көре алмай жатқанын сөз еткен олар санитарлық дәрігерлердің шешімі логикаға мүлде сыймайды дейді. Тіпті кәсіпкерлерге қолбайлау тұстары тым көп екенін айтады.

Оның үстіне қоғамдық тамақтану орындарының иелері де, карантин басталғалы жұмыстың тұралап қалғанын айтумен келеді.

Кәсіпкелердің сөзінше, шектеу шараларының салдарынан олар табыстың 40 пайызынан қағылып отыр. Себебі жұмыс күндері халықтың қолы тимейді, көпшілік демалысты сенбі-жексенбіге жоспарлайды.

Олардың айтуынша, тойханалардың да жағдайы мүшкіл. Халық арасында "артқы есіктен кіру", "жасырын жол", "музыкасыз той" сынды жаңа сөздер пайда болған. Кәсіпкерлер амал жоқтықтан әккі әдістерге баруға мәжбүр екен.

Өңірлердегі кәсіпкерлер палатасына да шығынға батқандардан түскен арыз-шағым көбейген. Мәселен, Түркістан облысы "жасыл аймақта" болғандықтан, шектеулерді алып тастау туралы билікке ұсыныс хат жолдаған. Себебі, жағдай бұлай жалғаса берсе, аймақтағы 143 мыңнан аса кәсіпкер табыссыз қалуы мүмкін.

"Бас дәрігердің қаулысына сәйкес, "жасыл аймаққа" кірген аумақтарға ешқандай шектеулер қойылмайды. Осыны біз көрсетіп жібердік. Жергілікті орган мен департаменттен тиісті жауабын күтіп отырмыз", - дейді Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы.

Күрделі мәселені үкімет басшыларының қалай шешері әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, қауіпсіздікке аса мән беру, бүгінгі күннің талабы болып отыр.

Ғ.Өтемісов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906860-deputat-qogamdyq-tamaqtanu-oryndaryndagy-sekteuler-alynsyn/

pixel