RU

Өзбекстанда коронавирусқа қарсы вакцина 3 рет егілмек

Екпе
Көрнекі фото: pixabay.com

Өзбекстанда коронавирусқа қарсы вакцина 3 рет егіледі. Бұл туралы елдің санитарлық-эпидемиологиялық және қоғамдық денсаулық сақтау қызметі басшысының орынбасары Батыр Қурбанов айтты деп хабарлайды uza.uz.

Қурбановтың сөзінше, Өзбекстанда 3-кезеңдік клиникалық сынақтардан сәтті өткен Қытайдың "Zhifei Longcom Biopharmaceutical Co. Ltd" компаниясы мен өзбек мамандары бірлесіп жасаған "ZF-UZ-VAC 2001" вакцинасы азаматтарға үш рет егіледі.

Сол кезде ғана олар толық вакциналанған болып саналады.

Ал AstraZeneca вакцинасы екі рет егіледі. Ел азаматтары қай препаратты салдыру қажеттігін өздері шешеді.

Басылымның жазуынша, Өзбекстанда өткен тәулікте коронавирусқа қарсы 14 216 адам вакцина салдырған. Ал 1 сәуірден бастап екпе алғандардың жалпы саны 49 602-ге жеткен.

Айта кетейік, еліміздің денсаулық сақтау министрлігі telegram арнасында вакцинацияға қатысты соңғы деректерді жария етті. Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 86,5 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын да алған. Екпенің бірінші компоненті 239 040 адамға салынған.

Еске сала кетсек, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарды коронавирустан өз бетінше емделмеуге шақырған болатын.

Сондай-ақ ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова 18 жасқа толмағандарға коронавирусқа қарсы вакцинаның неге салынбайтынын түсіндіріп берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906901-ozbekstanda-koronavirusqa-qarsy-vakcina-3-ret-egilmek/