Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Терезесі теңізге қарайды": Риэлтор Түркиядан жаппай пәтер сатып алып жатқан қазақтар туралы айтты

Опубликовано:

Түркиядағы пәтер
Фото: Гүлмира Кабышеваның жеке мұрағатынан

Жылы климат, жайлы өмір және арзан баға. Бұл соңғы кезде қазақстандықтардың Түркияны желіде жарнамалаған жұлдыздардан естігені. Қазақ азаматтарының түрік еліне тұрақтап қалу үшін жаппай пәтер сатып алып жатқаны туралы ақпарат көп. Расында солай ма? KAZ.NUR.KZ тілшісі Түркияда жылжымайтын мүлік агенттігінде жұмыс істейтін маманнан пәтер нарығы жайлы сұрап білді.

Агенттік маманы Гүлмира Кабышеваның сөзінше, Түркиядан үй алу оңай. Пәтер сатып алу үшін жеке төлқұжат болса жеткілікті. Әрине қандай пәтер алатыныңыз қалтаңыздың қалыңдығына байланысты.

"Түркиядан баспаналы болу оңай. Барлығы бюджетіңе байланысты. Пәтер сатып алу үшін тек төлқұжат керек. Пәтердің ақшасын бөліп төлеуге болады, несиеге рәсімдеуге болады. Мұнда шетелдіктерге кредитті кез келген қаладан бере бермейді. Қазақстандықтарға кредит берілуі екіталай", - дейді Гүлмира.

Риэлтор Түркиядағы жылжымайтын мүліктің бағасымен таныстырып өтті.

"Бағалары әртүрлі. Орналасқан ауданына, қабатына, терезесі қай жаққа қарайтынына, орталықтан алыс жақындығына байланысты. Мысалы, бір бөлмелі (1+1) пәтерлер Аланияда шамамен 45 мың еуродан (23 миллион теңгеден) жоғары. Мерсинде 1+1 пәтер 25 мың еуродан (12 миллион теңгеден) басталады. Алания мен Антальяның бағалары бірдей. Стамбулда пәтерлер әлдеқайда қымбат. Егер үш бөлмелі пәтер қарастырып жүрсеңіз Мерсиннен арзанға табылады. Мен өзім Мерсиннен алдым. Жағажайдан 200 метр жерде орналасқан. Қаланың ортасы. Жоғарғы қабат. Менің пәтерім 38 мың еуроға шықты (19млн 594 мың теңге). Аланияда егер пәтер орталықта теңізге жақын, жоғары қабатта орналасса, кемінде 120-130 мың еуроға сатылады. Айырмашылық жермен көктей", - дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы.

Гүлмира Кабышеваның Түркияға келгеніне көп бола қойған жоқ. Ол өзі сияқты жаңадан қоныс аударып жатқан қазақтардың көбінесе Алания, Анталья және Мерсин қалаларынан үй қарастырып жүргенін алға тартады.

"Мерсиннен үй қараушылардың көбею себебі мұндағы бағалар қалтаға салмақ салмайтындай, салыстырмалы түрде әзірге арзан. Құрылыс жүріп жатыр. Біздің теңгеге шақсақ, терезесі теңізге қарайтын екі бөлмелі пәтерді 13 миллион теңгеге алуға болады. Ішінде ас үй жиһазы бар, жуынатын бөлме толығымен жабдықталған, таза әрленген күйдегі пәтерлер", - дейді Гүлмира Кабышева.

Риэлтор маман Түркиядан пәтер сатып алуды көздеген қазақстандықтардың табыс көзі туралы да сөз етті.

"Мұнда келіп пәтер алып жатқан қазақстандықтардың негізінен онлайн кәсібі, тұрақты пассив табысы бар, немесе Қазақстанда бизнесі жүріп тұр. Мұнда келіп таңнан кешке дейін жұмыс істейтін қазақтар аз. Пәтер сатып алып жатқан азаматтар мұнда демалып, рахаттанып өмір сүру үшін көшіп келуде. Арнайы жұмыс істеу үшін келетін қазақстандықтар көбінесе қонақ үйлерде, жылжымайтын мүлік агенттіктерінде жұмыс істейді", - дейді Гүлмира.

Риэлтор маман өзі Аланиядан пәтер алуда көмек көрсеткен адамдардың қатарында танымал әншінің болғанын мәлім етті. Алайда көпбалалы әншіге үлкен тас жолдың бойында орналасқан үйдегі пәтер жол қауіпсіздігі жағынан ыңғайсыз болғандықтан, келіссөзден бас тартқан.

Гүлмира былтыр күзден бері Аланияда шаршы метр құны өскенін айтады.

"Өткен жылмен салыстырғанда пәтер құны Алания, Анталья, Мерсинде де 20-30 пайызға қымбаттады. Бірақ жақын уақытта Аланияда пәтер бағасы түсуі мүмкін деп болжаймын. Өйткені мұнда баға негізсіз көтеріліп кетті. Адамдар Аланиядан ек-үш жыл бұрын 60-70 мың еуроға жақсы пәтер алуға болатынын айтады. Қазір мұндай бағаға пәтер таппаймыз", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906938-terezesi-tenizge-qaraidy-rieltor-turkiyadan-zappai-pater-satyp-alyp-zatqan-qazaqtar-turaly-aitty/

pixel