RU

Асхат Аймағамбетов оқушылардың қашан мектепте оқи алатынын айтты

Оқушы
Көрнекі сурет: pixabay.com

Еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ өткен онлайн-брифингте оқушылардың қашан мектепке оралып, қалыпты форматта оқи алатынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Асхат Аймағамбетовің сөзінше, балалардың мектепке бару-бармауы коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалға байланысты.

"Мұның жауабы өте қарапайым. Пандемия бойынша ахуал жақсарып, өңірлер "сары" аймақта, содан кейін "жасыл" аймақта болған кезде мектепке барады. Әдетте, өңірлер "жасыл" аймаққа кірген кезде барлық баланың мектепке барып оқуға құқығы бар", - дейді министр.

Министрдің пікірінше, бұл тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакциналау мен адамдардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қаншалықты сақтайтынына байланысты.

"Бұл бәрімізге байланысты. Түптеп келгенде әрбіріміз санитар дәрігерлеріміз айтып жатқан талаптар мен ұсыныстарды орындайтын болсақ, онда біз бұл пандемияны жылдамырақ ауыздықтай аламыз. Осылайша, біздің балалар білім алу үшін мектепке тезірек орала алады", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Аймағамбетов Қазақстан мектептері латын әліпбиін енгізе отырып, 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен 12 жылдық білім беруге көшетінін айтқан болатын.

Айтуынша, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылады.

Президенттің тапсырмасымен математика, тілдер және информатика пәндеріне басымдық беріледі. Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906970-asxat-aimagambetov-oqusylardyn-qasan-mektepte-oqi-alatynyn-aitty/