RU

"Сәл сабырлық танытайық": Аймағамбетов отандық вакцина туралы айтты

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ өткен брифингте коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны шығаруға қатысты түсінік берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Тиісті стандарттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты тарапыннан қамтылған вакцинаға тоқталсақ, барлық рәсімдер бекітілген кестеге сәйкес жүрігізіліп отыр.

Бұл ретте ешқандай проблема жоқ. Біздің әріптестер 50 мың доза бойынша қажетті жұмыстар жүргізді. Хаттама бойынша үнемі химиялық талдау мен биологиялық қадағалау жүргізіледі. Қазір биологиялық қадағалауды аяқтап жатыр.

Кестеге сәйкес, биылғы сәуір айының соңына қарай, 20-сынан кейін құжаттарды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырамыз. Олар нәтижелерге талдау жасай отырып, тиісті шешім қабылдайтын болады. Сондықтан сәл сабырлық танытып, біздің ғалымдарға қолдау жасайық", - дейді министр.

Осы орайда Аймағамбетов қазіргі уақытта ғалымдар тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ғалымдарымыз бес платформа бойынша вакцина дайындап жатыр.

"Сонымен қатар, біздің ғалымдар коронавирустың "британиялық", "Оңтүстік африкалық" штамдары бойынша зерттеу жүрігізіп жатыр", - дейді министр.

Айта кетейік, білім министрі былтыр үш бірдей вакцина салдырғанын айтқан болатын. Ол коронавирусқа қарсы отандық "QazVac" екпесі, одан кейін тұмау мен пневмококке қарсы екі вакцина салдырған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906994-sal-sabyrlyq-tanytaiyq-aimagambetov-otandyq-vakcina-turaly-aitty/