RU

"Голивудтық тонау": БҚО-да бір топ ер азамат адамның ойына келмейтін қылмысқа барған

Видеодан кадр
Видеодан кадр: Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысының полицейлері облыс орталығында жасалған қылмысты ашты. Тәртіп сақшылары дүкен мен айырбастау пунктін тонап кеткен ер адамдарды ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, Орал қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне шаһардағы дүкендердің бірінің сатушысынан қоңырау келіп түскен. Ол тапанша ұстаған ер адамдардың өзін қорқытып, кассадан ақша алып кеткендігін хабарлаған.

Бірнеше сағаттан кейін тәртіп сақшыларына айырбастау пунктінің кассирі де осыған ұқсас жағдаймен жүгінген. Сатушыны тапаншамен қорқытқан қаскөйлер дүкен кассасынан 75 мың теңгені қолды қылған.

Оқиға орнында жедел уәкілдер қылмыскерлердің дүкеннің ғимаратында орналасқан айырбастау пунктін де тонағанын анықтады.

Ол жерден ер адамдар бір жарым миллион теңге, 260 АҚШ доллары, 260 еуро, 169 мың Ресей рублін, сондай-ақ кассирдің жеке заттарын алып кеткен.

Нәтижесінде қылмыскерлердің көздегені дүкен емес, валюта айырбастау пункті болғандығы белгілі болды. Себебі олар қалай əрекет ететіндерін алдын ала жоспарлаған.

Кассир жұмысқа бара жатқанда қаскөйлер оны ұрлап кеткен. Дүкен арқылы айырбастау пунктінің қызметтік кіреберісіне жетіп, нысанды сигнализациядан алып тастаған, одан соң қызметтік кіреберістің есігін кассирдің кілттерімен ашқан. Ал кассирдің өзі көлікте байлаулы отырған.

Кетіп бара жатып, олар дүкендегі кассаны да тонаған. Сатушыны қорқыту үшін қолданылған тапанша жалған екендігі анықталды. Күдіктілер қылмыс орнынан автокөлікпен қашып, ал байлаулы кассирді жолда қалдырған. Қылмыскерлерден құтылған ол жақын маңдағы үйге жеткенде полицияға қоңырау шалған.

“Аталмыш қылмыс күндізгі уақытта жасалды. Қылмысты жасау үшін күдіктілер алдын ала дайындалған”, – деп атап өтті Орал қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бисенов.

Бейнебақылау камераларының көмегімен тәртіп сақшылар қаскөйлердің жүру жолын тексерді.

Күдіктілерді іздестіру шаралары барысында полицейлер олардың мініп кеткен көліктерінің тіркеуде жоқ екенін, яғни есептен шығарылғанын жəне онда жалған ресейлік нөмірлер болғанын анықтады.

Полицейлер үш күдіктіні ұстады. Олардың екеуі Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Ер адамдардан заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907040-golivudtyq-tonau-bqo-da-bir-top-er-azamat-adamnyn-oiyna-kelmeitin-qylmysqa-bargan/