Динара Сәдуақасова интернеттің нашарлығынан халықаралық турнирде жарыс жолынан шықты
Опубликовано:

Қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова интернеттің нашарлығына байланысты Polar Challenge халықаралық турнирінде жарыс жолынан шығып қалды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы шахматшының өзі Facebook-тегі парақшасы арқылы мәлімдеді.
"Қымбатты достар, интернеттің тұрақсыздығынан Polgar Challenge турниріне қатысуды тоқтатуға мәжбүр екенімді өкінішпен хабарлаймын. Мен турнирге шахмат жағынан да, техникалық тұрғыдан да дайын едім. Бірақ мен ойнаған барлық жеті партияда интернетпен қайта-қайта проблемалар болды. Халықаралық гроссмейстер Lei Tingjie-мен ойын кезінде 7-ші турдың соңғы партиясында мен уақыт бойынша да, тас саны бойынша басымдыққа ие болып тұрғанмын.
Бірақ тұрақсыз байланыстың салдарынан уақытты өткізіп алдым. Әр партияда маған ойын барысынан бұрын интернет туралы көбірек ойлауға тура келді. Мен үш провайдердің байланысын қолдандым, ештеңе көмектеспеді. Жанкүйерлер мен ұйымдастырушылардан тағы да кешірім сұраймын", – деді Динара Сәдуақасова.
Еске салсақ, 2021 жылдың қаңтар айындағы мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша әлем елдерінің рейтингінде Біріккен Араб Әмірліктері бірінші орында тұрғаны туралы жазған едік.
Үздік бестікке Оңтүстік Корея, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясының кіргені белгілі болды.
Ал Қазақстан өз кезегінде позициясын 3 сатыға жақсартып, әлем бойынша 103-орынға жайғасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907308-dinara-saduaqasova-internettin-nasarlygynan-xalyqaralyq-turnirde-zarys-zolynan-syqty/