Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қырғызстанда өлімге әкелген "қыз алып қашу" оқиғасынан кейін 44 полицей жазаланды

Опубликовано:

Полиция қызметкері13
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қырғызстанда өлімге әкелген "қыз алып қашу" оқиғасынан кейін Бішкек полициясының бастығы тағы бірнеше полиция қызметкері жұмыстан шығарылды деп хабарлайды Азаттық.

10 сәуірде Қырғызстан ішкі істер министрлігі Бішкек полициясының бастығы Бақыт Матмұсаевты, оның орынбасары Ерлан Атантаевты, тергеу қызметінің бастығы Нұрлан Өтемісовты және өзге де офицерлерді қызметтен босатқанын хабарлады.

Бұдан өзге ондаған полицейге ескерту мен сөгіс секілді тәртіп шарасы қолданылған. Тексеріс нәтижесінде барлығы 44 полиция қызметкері жазаланған.

Еске сала кетсек, қырғыз халқын дүр сілкіндірген оқиға 5 сәуір күні болған еді. Сол күні Бішкекте бір топ жігіт көшеде кетіп бара жатқан 27 жастағы Айзада Қанатбекованы көлікке күштеп отырғызып, алып қашқан. Оқиға көшедегі камераға түсіп қалып, видеодан көліктің маркасы мен нөмірі анық көрінген.

Екі күннен соң Қанатбекова мен оны ұрлағандардың бірі саналатын Замирбек Теңізбаев сол көлік ішінде өлі күйінде табылған. 8 сәуір күні Бішкекте ірі наразылық акциясы өтіп, ашулы халық ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековтен отставкаға кетуді талап еткен.

Наразылар үкімет үйіне шерулетіп, ел премьері Ұлықбек Мариповпен кездескен. Үкімет басшысы іс бойынша қызметтік тексеріс басталғанын, оқиғаның президент бақылауында екенін айтқан.

Тергеушілердің болжамынша, 36 жастағы күдікті бойжеткенді қылқындырып өлтіріп, артынан өзіне қол салған болуы мүмкін. Олар сондай-ақ Теңізбаевтың осыған дейін Ресейде үш рет істі болғанын айтқан.

Әзірге кісі ұрлау ісі бойынша төрт адам күдікке ілініп, қамауда отыр.

Төрт тілде еркін сөйлейтін Айзада Қанатбекова үйінің жалғыз қызы болған. Бішкектегі Қырғыз-Түрік Манас университетін тәмәмдаған.

Қырғызстанда қыз алып қашу 2013 жылдан бері қылмыс саналса да, әлі күнге дейін тоқтамай тұр.

2018 жылы 20 жастағы студент Бұрылай Тұрдалықызы күштеп некеге тұрғызбақ болған жігіттің қолынан қаза тауып, арты үлкен наразылыққа әкелген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1907368-qyrgyzstanda-olimge-akelgen-qyz-alyp-qasu-oqigasynan-keiin-44-policei-zazalandy/

pixel