Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызымды кепілдікке алды": Балқаш тұрғыны бұрынғы күйеуін жазалауды сұрап отыр

Опубликовано:

Зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Балқаш қаласының 31 жастағы тұрғыны бұрынғы күйеуінің ізіне түскенін айтып, көмек сұрады. Соңғы рет ер адам келіншектің пәтеріне кіріп, 7 жасар қызын кепілдікке алған көрінеді. Бұл жайтқа қатысты Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Шағымданушы келіншектің айтуынша, полиция тарапынан ешқандай көмек ала алмағандықтан "НеМолчи" қорына жүгінуге мәжбүр болған.

Ұйымның Instagram желісіндегі ресми парақшасында Балқаш тұрғынының басынан өткен оқиғасы егжей-тегжейлі баяндалады.

Ондағы жазабаға сүйенсек, осы жылдың 26 ақпанында келіншектің бұрынғы күйеуі терезені сындырып, үйіне кірген. Зәресі ұшқан әйел мен оның жасы келген анасы және ұлы есікке қарай жүгірген. Ал жеті жасар қызы бұл уақытта ұйықтап жатқан.

Жәбірленушінің сөзінше, бұрынғы жары қызын ұстап алып, жатын бөлмеде отырған. Оның қолында пышақ та болған көрінеді. Оқиға орнына келген полицейлер ер адамнан баланы жіберуге әрең көндірді, дейді келіншек.

Бірақ, бұрынғы күйеуі бұдан кейін де сабырға келе алмай, өзін пышақпен тілгілей бастаған. Ол тек 40 минуттан кейін ғана мәмілеге келген.

"Бұл сұмдықтан кейін мүлде күтпеген жайт болды. Жедел қызметкер бұл фактіні "Жарақат" деп тіркейтінін айтты. Мен келіскен жоқпын. Олар мені бұл жерде қылмыстық іс-әрекеттің болмағанына сендіруге тырысты. Себебі, мен аманмын әрі физикалық тұрғыдан денім сау, ал бұл дегеніміз - әкімшілік құқықбұзушылық екен. Дегенмен біз ақыры қылмыстық іс қозғаттық", - деген жәбірленуші істің әлі дұрыс қаралмай жатқанын айтады.

Бұл фактіге қатысты Қарағанды облысының полиция департаменті пікір білдірді. Дегенмен, ведомство оқиғаны мүлде басқаша сипаттап отыр. Олардың дерегінше, баланы кепілге алу фактісі расталмаған.

"Үстіміздегі жылдың 26 ақпанында Балқаш полиция бөлімшесіне 31 жастағы келіншектен арыз түсті. Ол терезені сындырып, үйіне заңсыз кірген 32 жастағы күйеуіне қатысты шара қолдануды сұрады. Дәл сол күні полиция бөлімшесінде Қылмыстық кодекстің 149-бабы ( Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері үйді тексеріп шықты, жәбірленуші мен оның бұрынғы күйеуінен жауап алынды. Қазіргі уақытта куәгерлерді анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - дейді ведомство.

Сонымен қатар құзырлы орган арыз берушінің бұрынғы күйеуі 4 наурыз күні Балқаш әкімшілік сотының шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, үш тәулікке қамалғанын айта кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907628-qyzymdy-kepildikke-aldy-balqas-turgyny-buryngy-kuieuin-zazalaudy-surap-otyr/

pixel