Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында балық қырылды: экологтар зерттеу жүргізеді

Опубликовано:

балық шаруашылығы
Көрнекі фото: pexels.com

Суаттан бірнеше тонна өлі балық табылғаннан кейін экологтар Кузьмин тоғанындағы суға лабораториялық зерттеу жүргізетін болды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Экология министрлігінің ақпараты бойынша, өлі балықтың жалпы салмағы 4 тоннаны құрады. Мөңке балықтарды жою бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.

12 сәуірде балықтың жаппай қырылуы тіркелді. Бұл туралы хабарлама Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің Тобыл-Торғай облысаралық бассейн инспекциясына келіп түсті.

Дәл сол күні инспекция мамандары ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық өңірлік инспекциясы және Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп аталған тоғанға тексеру жүргізді.

"Лабораториялық зерттеу жүргізу үшін су мен балық сынамалары алынды. Алдын ала болжам бойынша балықтың жаппай қырылуына қыс мезгілінде су деңгейінің төмендігіне байланысты (1,0-1,5 метр) судағы оттегінің жетіспеушілігі себеп болған", - деп жазылған хабарламада.

Лабораториялық зерттеу жүргізілгеннен кейін балықтың жаппай қырылуының нақты себебі туралы хабарланады.

Кузьмин тоғаны Ақтөбеден 140 километр қашықтықта Қобды ауданындағы Жарсай ауылдық округінде орналасқан. Тоған аумағы шамамен 3 гектарды құрайды. Ол балық шаруашылығы суаттары тізіміне енбеген.

Суат малды суару үшін қолданылып келген. Оған жақын маңда өндірістік нысандар жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907758-aqtobe-oblysynda-balyq-qyryldy-ekologtar-zertteu-zurgizedi/

pixel