Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

20 жыл өткен соң: Облыс орталығына айналған Талдықорған қалай өзгерді

Опубликовано:

Талдықорған қаласы
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Осыдан тура 20 жыл бұрын елбасының жарлығымен 14 сәуірде Талдықорған қаласы Алматы облысының орталығына айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қала көңіл көншітпейтін халде еді. Бүгінде Талдықорған адам танымастай өзгерген. KAZ.NUR.KZ тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің көмегімен сол жылдарды еске түсіріп көрді.

Талдықорған қаласы 1997 жылға дейін Талдықорған облысының әкімшілік орталығы болып келді.

Талдықорған
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Алайда облыс таратылған соң, қаланың тіршілігі солғын тартып, тұрғындардың берекесі кетті. Жұмыс орындарының жоқтығы адамдардың күнкөрісіне ауыр тиді.

Талдықорған қаласы
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қала тұрғыны, зейнеткер Райхан Серғазинова сол жылдарда қалада жарық, ыстық су, жылу сияқты өркениеттің тапшылығы байқалғанын еске алады. Айтуынша Талдықорғанның гүлденуі облыс орталығы болып белгіленгеннен кейін қарқын алды. Зейнеткер 20 жыл бұрынғы қаланың жағдайы бүгінгімен салыстырғанда "жер мен көктей" дейді.

Талдықорған қаласына кіреберіс
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

"Биыл қаламыздың Алматы облысының орталығы болып белгіленгеніне 20 жыл толыпты. Екі облысты қосқаннан кейін біз жетімсіреп қалдық. Алматы облысының орталығы Алматыда болды да, барлық игіліктер, бар өркениет сол жақта шоғырланды, мына жақ жапан далада қалғандай болды. Жарық, жылу, ыстық су жоқ. Ел тамағын далаға үш-төрт кірпіш қойып, табаға қазанға пісіріп жүрді. Былайша айтқанда көп қабатты үйлердің бәрі қараң қалды. Терезелердің сынғаны сынды, қирағаны қирады. Қаладағы басқа ұлт өкілдері көше бастады. Үйлерін арзанға сатып кете барды. Кейбіреулері тастап кетті. Қала көшелері де қирап жатты.

Талдықорған қаласы
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Содан облыстың депутаттары бұрынғы облыс әкімінің алдында осы мәселені көтерді. Алматы облысының орталығын Талдықорғанға беріңіздер деген өтініш айтты. Ол кезде облыс басшысы Заманбек Нұрқаділов болатын. Ол кісі "облыс орталығы Талдықорғанға ауысса, үзілді-кесілді бармаймын" деді. Депутаттар президентке дейін хат жазды", - дейді бүгінде Алматы облысы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Райхан Серғазинова.

Талдықорған қаласы
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ардагер мемлекеттік қызметшінің сөзінше, 2001 жылы облыс орталығы Талдықорғанға көшкенде халық керуенді Кербұлақ ауданынан қарсы алған.

"Облыс орталығының сол кездегі жайы мен қазіргі жағдайын сұрасаң жер мен көктей. Ол кезде облыс орталығында көп дегенде бес-алты қабатты үйлер болған. Одан кейін 12 қабатты үш үй салды, оның өзі бізге керемет болып көрінетін. Қалаға қан жүгіргеннен кейін көшелері де түзелді. Үйлері де, басқа нысандары да түзелді. Кәсіпорындар аяғына тұрды", - дейді Райхан Серғазинова.

Талдықорған театр
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорғанға көшкелі бері облысты төрт әкім басқарды.

Талдықорған қаласы
Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Шалбай Құлмаханов облыс тізгінін 2001 -2005 жылдары ұстады.

Одан кейін аймақ басшылығына Серік Үмбетов келді. Ол облысты оған дейін де (1996-1997 жж.) басқарған. Серік Үмбетов облыс әкімі болып 2011 жылға дейін отырды.

Облысқа 2011-2014 жылдары Аңсар Мұсаханов басшылық жасады.

2014 жылдан бүгінге дейін Алматы облысының әкімі лауазымын Амандық Баталов атқарып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907841-20-zyl-otken-son-oblys-ortalygyna-ainalgan-taldyqorgan-qalai-ozgerdi-foto/

pixel