СҚО-да көлік жүргізушісі оқушыны қағып, оқиға орнынан қашып кетті

Опубликовано:

СҚО-да көлік жүргізушісі оқушыны қағып, оқиға орнынан қашып кетті
Видеодан кадр: Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері баланы соғып кетіп, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған жүргізушіні іздеп тапты деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 7 сәуірде сағат 14.00 шамасында Қызылжар ауданы Бескөл ауылының маңында болған. «Жезқазған-Петропавл» автожолы бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінде қызыл түсті «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісі 10 жасар мектеп оқушысын соғып кетіп, оқиға орнынан жасырынған.

Ер балаға аудандық орталық ауруханада көмек көрсетілді. Медицина қызметкерлері оқиға жайлы полицейлерге хабарлаған. Апатқа кінәліні анықтау бойынша шаралар қабылданды. Бейнебақылау камераларының көмегі тиді.

Келесі күні СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы іздеу тобының қызметкерлері құқық бұзушыны ұстады. Ол 34 жастағы Аққайың ауданының тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 611-бабы 2-бөлігі (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) бойынша хаттама толтырылды.

Жүргізушінің айтуынша, ол болған жағдайдан қорқып, не істерін білмеген. Ер адамның жүргізуші куәлігі алынып, көлігі арнайы тұраққа қойылды. Сонымен қатар, баланың алған жарақаттарының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сараптама нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

"Естеріңізге сала кетейік: апат болған жағдайда жүргізуші ішкі істер органдарына хабарлауға міндетті. Ол зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық шараларды қабылдап, жедел жәрдем шақыруы тиіс. Төтенше жағдайда жарақат алғандарды жолшыбай кетіп бара жатқан көлікпен жіберу керек, ал егер бұл мүмкін болмаса – өзінің көлігімен жақын жердегі медициналық мекемеге, өзінің тегін, автокөлік нөмірін (жеке басын куәландыратын құжат немесе жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу құжатын көрсетумен) жеткізуі, содан соң оқиға орнына оралуы тиіс" , - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының іздеу тобының аға инспекторы Алексей Морев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908714-sqo-da-kolik-zurgizusisi-oqusyny-qagyp-oqiga-ornynan-qasyp-ketti/