Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күйеуім басқа адам болып шықты": Салафизмге кірген келіншек басыннан өткен оқиғасын айтып берді

Опубликовано:

Хиджаб оранған қыз
Көрнекі фото: NUR.KZ

Ірі компанияда аудитор болып жұмыс істейтін алматылық Гүлдана Әбдірашитова (аты-жөні өзгертілген) қазір 37 жаста. Ол айналасындағы адамдарға үлгі болып отыр, Алайда әріптестері Гүлдананың басынан не өткенін білмейді. Оның бір кездері салафиттердің ортасына түсіп, өзін мәңгіге жоғалтып ала жаздағанынан бейхабар деп жазады Sputnik Қазақстан.

Гүлдана бірнеше жыл бұрын болған оқиғаны шіміркеніп еске алады. 23 жастағы жап-жас қыз сүйіктісінің опасыздығына өкпелеп, жат ағымның жетегінде кетті.

"Жамағатқа" дейін сүйікті жігітіммен үш жыл бойы қарым-қатынаста болдым. Алайда арамызда келеңсіз жағдай болды. Оның басқа қызбен кездесіп жүргенін біліп, ашу үстінде оны тастап, қатты уайымға салындым. Сол уақытта менің қандай күйге түскенімді көрген туыстарым алғаш рет "жамағатқа" алып келді", - деп сөзін бастады әйел.

Сол сәтте бойжеткен дінді зерттеу арқылы діни жиналыстарға қатысып, өміріндегі қиындықтарды жеңуге тырысқан. Алайда сол сәтте бұл әрекетінің өмірін толығымен жоюы мүмкін екенін ойламаған, күдіктенбеген. Сонымен қатар оған Құран аяттары талданатын кездесулерге әр ұлттың өкілі мен өзін бас имам деп таныстырған кісінің әйел, бала-шағасымен бірге қатысатыны ұнаған.

Гүлдананың сөзінше, ол орта жас қызды бүйірінен теппей, бауырына басқан. Жақынындай көрген. Бастапқыда қыздың қиындығына жанашырлық танытып, сөзбен, іспен қолдау көрсеткен. Дәл осы қамқорлық бойжеткеннің дін арқылы өз жолын таба алатынына сендірді.

Гүлдана жүрген ортада киімге де жеке талап бар. Мұнда хиджаб кию міндеттелді. Алайда бұл да күмән тудырмаған. Артынан жас қызға ертерек тұрмыс құру қажет екенін айта бастайды. Отбасы құрып, Сирия немесе Ирак секілді ислам елдеріне көшуді ұсынады.

"Жамағатқа" бір жайт тартып тұрады: ол – тыңдай білу. Мұнда сенің ойыңды тыңдайды, қолдайды, еш ұрыс-керіссіз сенімен әңгімелеседі. Шындығында қауымға көп адам үйінде не жұмысында көрмеген дүниені іздеп келеді. Әсіресе өмірдің белгілі бір сәтінде ешкімнен қолдау таппаған қарттар мен жастар өзіне қажет нәрсені алады. Оның ішіндегілер қауымға жаңа мүшелерді өздері тартады, жүйе солай құрылған. Бұл қосарланған жүйесі бар желілік маркетинг сияқты", - дейді Гүлдана Әбдірашитова.

Тез арада тұрмыс құрудың зардабы

Әйелдің сөзінше, қауым арасында аз уақыт болса да, өткен өмірінде өзі үшін маңызды болған дүниелерге деген қызығушылығын толық жоғалтқан. Жиналған сайын айтылған тәртіп-талаппен әрдайым келіспесе де, оларға қарсы шығудан бас тартқан. Керісінше Құран аяттарын өзінше түсіндіретін тәжірибелі адамдардың айтқанын қабылдаған.

Көп ұзамай жалған ілімнің жетегіне түскен Гүлдана қаржы саласындағы жоғары жалақысы бар жұмысын тастады. Өзімен бір ағымның жетегінде жүрген адамдардың берген кеңесін қалтқысыз орындады. Артынша өмірінде "жамағатқа" кіретін жігіт пайда болды. Гүлдана сол жігітке тұрмысқа шықты.

"32 жастағы ер адаммен таныстым. Үш кездесуден кейін өзіне тұрмысқа шығуды ұсынды. Мен ол уақытта бұрынғы жігітіме ренжіп жүрдім. Ол болса менімен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіргісі келіп жүрді. Мен тұрмысқа шығуға келістім. Айналамдағының бәрі үнемі көп созбай тұрмысқа шығу туралы, кәрі қыз болып отырып қалмау, 30 жасқа дейін бала туу туралы айта берді", - дейді Гүлдана.

Бойжеткен таңдаған азаматының сотталып, жазасын өтеп шыққанын кейін білген. Алайда бұл "жаңалықты" да бірқалыпты қабылдады. Өйткені күйеуі темекі тартпайды, ішімдік ішпейді. Өзін жақсы ұстайтын азаматты өз түсінігіндегі жақсы жұбай деп қабылдады. Алайда бетперде астында мүлде басқа адам болып шыққан.

Отбасылық өмір Гүлдана ойлағандай болмады. Оның сөзінше, күйеуі бос уақытының бәрінде жихад туралы дәріс тыңдаған. Оның ішінде Саид Бурятскийдің (аты-жөні Александр Тихомиров – террористік топтың мүшесі, салафизмді уағыздаушы, 2010 жылы қайтыс болды) дәрісін тыңдаған. Құранды тек араб тілінде оқып, "бауырларымен" бірге үнемі бір мешітке барған. Алайда әйелі туралы мүлде ойламаған. Шағын бизнесі жақсы табыс көзі болғанымен, отбасына ақша әкелмеген.

"Егер біз жартылай "зомби" болсақ, ол түрмеде отырған кезде ойы 200 пайызға өзгерген", - деп еске алды Гүлдана.

Уақыт өткенімен күйеуінің Гүлданаға деген көзқарасы өзгермеді. Ол күн өткен сайын өзіне сөзсіз бағынуды талап етті. Кез келген қарсылық айғаймен, әйелдің ер адамға қарсы шықпауын еске салумен аяқталған. Ал бір күні ол әйеліне қол көтерді.

Гүлдана мұның алғаш рет болғанын ескеріп, ашу үстіндегі олқылық деп бағалады. Алайда уақыт өте келе күйеуінің ұрып-соғу әрекеті жиілеген. Содан бастап әйел өмірде қате жолды таңдағанын түсінді. Бір күні дәл осындай зорлық-зомбылық күйеуімен қарым-қатынасты үзіп, одан біржола кетіп қалуға себеп болды. Ал қазір Гүлдана Әбдірашитова ерлі-зайыптының арасында ортақ бала болмағандықтан оңай кетіп қалғанын айтады.

Ойдан құрылған идеология

Күйеуінен кеткеннен біраз уақыт өткен соң Гүлдана Құранды өз бетінше оқи бастаған. Сол кезде өзінің қаншалықты адасқанын түсінді, өзі қатысқан жиналыстар мен тыңдаған дәрістерде айтылғанның бірін де қасиетті кітаптан таппады.

"Ол адамның бәрі ашық өтірік айтты. Олардың сөзі өз идеологиясын қолдамағандардың бәріне жеккөрінішке толы болды. Ондай адамдарды харам деп атап, оларға кез келген зұлымдық жасауға болады деп санады. Алайда ислам бейбітшілікке, ізгілікке шақыратын дін", - дейді ол.

Мысалы, қауымдағы кездесулерде банктен кредит алып, оны қайтармауға болатыны туралы жиі естіген.

Олардың сөзінше, банк қызметкерлері өз қызметі үшін пайыз алады, сондықтан оларды "лақтыруға" болады.

Сонымен қатар жиындарда бірнеше рет жихад, мемлекетке қызмет еткендерден кек алу секілді тақырыптар көтерілген. Әйел "жамағаттағылардың" бұл айтқаны сөз жүзінде қалмайтынын да айтып өтті. Бірде әйел бұрынғы күйеуінің серіктестері қауіпсіздік күштеріне қарсы шабуыл дайындап жатқанын білген. Ал ол оқиғаның соңы өздері үшін қайғылы аяқталды.

2011 жылдың 24 мамырында Қазақстан астанасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу изоляторының жанында Audi-100 автокөлігі жарылды. Оқиға орнын тексеру кезінде көлікте екі адам болғаны анықталды: Дмитрий есімді жүргізуші және исламда Сәлім есімін алған деструктивті діни ағымдарды ұстанатын орыс мұсылман Сергей Подкосов. Гүлдана Сәлімді танитын, ол бұрынғы күйеуінің серіктесі болған.

"Маған кейін оның ҰҚК ғимаратында жарылыс ұйымдастырғанын, жарылғыш затты белдігіне бекіткенін айтты. Дайындығын тексеріп, белдікке жаңа нөмірі бар телефонды жалғаған. Ол жарылу үшін телефонға хабарлама жіберу немесе хабарласу қажет еді. Алайда ол жаңа нөмірді телефонға қосқан кезде ұялы байланыс операторынан хабарлама келетінін ескермеген. Сол себепті жарылғыш ертерек іске қосылды. Ал көлікті жүргізіп отырған адам Сәлімнің бұл ойынан бейхабар болуы да мүмкін. Осындай нұсқаны естігенім бар", - деп еске алды Гүлдана.

Шындық жолында

Гүлдана Әбдірашитованың айтуынша, арада біраз жыл өткен соң ол өзінің абайсыздығы қайда апаруы мүмкін екенін толық түсінді. Оған салафизм ағымынан шығып, шынайы исламды зерттеуді бастауына бұрын алған білімі көмектесті. Уақыт өте келе діни сенімге қатысты айтылған "шындықты" қабылдауды тоқтатты, салафизмнің кей ережесіне келіспейтін болды, сыни ойлау Құранды үйренуге және қасиетті кітапта не айтылғанын түсінуге алып келді.

"Қауымға кірген кезде хиджаб кидім. Ажырасқанша солай жүрдім. Бұл соны дұрыс санағанымнан емес, менен соны талап еткендіктен болған жағдай. Тіпті бет-әлпетің көрінбейтіндей етіп орану қате. Оның ішінде Құранда басыңнан башпайыңа дейін орану керек екені еш жерде айтылмаған. Ислам зайырлы өмір сүруге тыйым салмайды. Алдап-арбауға, өтірік айтуға, зорлық-зомбылыққа, кісі өлтіруге шақырмайды", - дейді Гүлдана.

Қазір әйел толығымен қалыпты өмірге оралды, жақсы жерде жұмыс істейді және жеке өмірін қайта құруға тырысып жүр. Ол діннен толық бас тартқан жоқ: қазір ол үшін дұға – ең алдымен өзімен тілдесу, ойын ретке келтіріп, қолда бар дүние үшін Аллаға алғыс айту мүмкіндігі.

"Өмірдің бұл кезеңі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Адамдардың шындықты айтып тұрғандай кейіп танытып, шіміркпей өтірік айта алатынын көрдім. Олар діннен әлдеқайда алыс тұр. Біздің қоғамда Құранды, жалпы исламды кеңінен дұрыс түсіндірсе, деструктивті ағымдардың зияны туралы жиі айтатын болса, дінді жалған уағыздаушылармен байланыс кезінде адам тани білуді үйретсе, бұл өте пайдалы болар еді. Салафизмнен шығып кеткен адамға толық қалпына келу үшін жылдар қажет", - деп түйіндеді Гүлдана Әбдірашитова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908830-kuieuim-basqa-adam-bolyp-syqty-salafizmge-kirgen-kelinsek-basynnan-otken-oqigasyn-aityp-berdi/

pixel