WhatsApp-та тегін бензин туралы хабарлама тарап жатыр: Ақпарат қаншалықты рас

Опубликовано:

жанармай
Көрнекі фото: www.uralskweek.kz

Месенджерлерде Helios жанармай құю желісінен бензинді тегін алуға болатыны туралы ақпарат тарады. Алайда компания өкілдері бұл хабарламаны жоққа шығарды деп хабарлайды Stopfake.kz.

Басылым ұсынған ақпаратқа сәйкес, ел тұрғындары Whatsapp мессенджерінде Helios жанармай құю желілерінен 150 литр бензинді тегін алуға болатыны туралы сілтемені бөліскен. Ол үшін сайтта сауалнамадан өту керек-мыс.

Алайда Helios жанармай құю станциялары желісінің ресми сайтында да, олардың Instagram әлеуметтік желідегі парақшаларында да 150 литр бензинді тегін алуға болатын акция туралы хабарландыру жоқ.

"Бұл жалған ақпарат. Біз бұл хабарламаларды көргеннен кейін дереу оны жоққа шығардық", – делінген ЖҚС желісі өкілдерінің жауабында.

Айта кетейік, желіде мазмұны осыған ұқсас жалған хабарлама бұған дейін де тараған болатын.

Басылым ақпаратынша, алаяқтар қазақстандықтарды танымал брендтердің атынан жиі алдайды. Олар көп жағдайда осындай "сауалнама" арқылы желі қолданушыларының жеке деректерін ұрлайды. Бұл фишинг деп аталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908894-whatsapp-ta-tegin-benzin-turaly-xabarlama-tarap-zatyr-aqparat-qansalyqty-ras/