БҚО-да TikTok үшін жұмыстан қуылған мұғалім қызметіне қайта кірісті

Опубликовано:

Мұғалім
Фото: uralskweek.kz

БҚО-ның Теректі ауданында жұмыстан қуылған балалар музыка мектебінің меңгерушісі қызметіне қайта кірісті. Оның айтуынша, бір топ педагог білім беру мекемесіндегі тәртіпбұзушылық жайлы құзырлы органдарға хабарлаған. Салдарынан осындай кикілжің туындаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Теректі аудандық білім бөлімі Сандуғаш Бисенғалиеваның заңсыз жұмыстан босатылғаны туралы арызы қаралғанын мәлімдеді.

"Біз мұғалімді өз қызметінде қалдыру туралы шешім қабылдадық. Жұмыстан босату туралы бұйрықтың күші жойылды", - дейді Теректі аудандық білім бөлімінің басшысы Жанаргүл Құсайынова.

Ал Сандуғаш Бисенғалиева ары қарай жұмысын жалғастыратынын айтты. Бірақ, болашақта ролик түсіріп, әлеуметтік желіге жүктей ме, жоқ па, белгісіз.

"Кикілжің мен және бірнеше педагогтің қаржы полициясына шағымданғанынан туындады. (...). Директор мені жұмыстан босатуға басқа себеп тапқан жоқ. Ол менің TikTok желісіндегі роликтерімді жүктеп алып, таратқан. Айдана Давлетова этикалық нормаларды өзі бұзып отыр", - дейді Сандуғаш Бисенғалиева.

Айта кетейік, педагог еңбек инспекциясына да арызданған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында музыка мектебінің меңгерушісі Сандуғаш Бисенғалиевның TikTok желісіндегі видеосы үшін қызметінен босатылғанын хабарлаған едік.

Сол уақытта Теректі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Жанаргүл Құсайынова туындаған дауды заң аясында шешуге тырысып жатқандарын мәлім еткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909028-bqo-da-tiktok-usin-zumystan-quylgan-muzyka-mektebinin-mengerusisi-qyzmetine-qaita-kiristi/