Түркістан облысында тұрғынның атына артығымен несие рәсімдеген банк қызметкері әшкере болды

Опубликовано:

Қаражат
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның атынан артығымен несие рәсімдеп, алаяқтық жасаған қызметкерді анықтады деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылымның жазуынша, Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған.

Жәбірленуші әйел өз арызында банктердің біріне 1,5 миллион теңге несие алуға барғанын, банк келісімін беріп, қызметкер аталған несиені шығарып бергенін айтады.

Алайда арада бір жылға жуық уақыт өткенде тұрғын банк қызметкері сол кезде 1,5 миллион теңге емес екі жарым миллион теңгеге несие рәсімдеп, бір миллион теңгесін алаяқтық жолмен жымқырғанын білген.

Алданып қалған тұрғын полицияның көмегіне жүгінген. Аталған жайт Түлкібас аудандық полиция бөлімінде қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелген.

Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні ұстау үшін ауданның қырағы полицейлерінен арнайы топ құрылған. Нәтижесінде полицейлер күдікті азаматты ұстап, бөлімшеге жеткізген.

Тергеу барысында күдіктінің қазіргі таңда банкте жұмыс істемейтіні белгілі болған.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары оның тағы осындай алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтаған.

Яғни күдікті тағы бір жергілікті тұрғыннан дәл осындай жолмен 700 мың теңге алғаны анықталды. Ол өз кінәсін толықтай мойындаған. Қазіргі таңда күдікті азамат қамауда отыр.

Осы орайда полицейлер тұрғындарға кез келген құжатқа қол қоймас бұрын жіті оқып, мұқият зерттеп барып әрекет етуге кеңес береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909032-turkistan-oblysynda-turgynnyn-atyna-artygymen-nesie-rasimdegen-bank-qyzmetkeri-askere-boldy/