Мемлекет басшысы: Соттың қорытынды үкімі жалпы қоғамға да түсінікті болуы керек

Опубликовано:

сот
Көрнекі фото: jasqazaq.kz

Қазақстан президенті Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында соттың қорытынды үкімі процеске қатысушыларға да, жалпы қоғамға да түсінікті болуы керек екенін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе Парламентте азаматтық қоғам өкілдері мен заңгерлердің қатысуымен ашық әрі жан-жақты талқылануы керек деп санайды. Ол тиісті заң жобасын биыл қабылдауды тапсырды.

"Бұл реформа өте маңызды. Ол Қазақстанның заманауи және тиімді мемлекетке трансформациялануына бағытталған жұмыстардың басын біріктіреді", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық процесті реформалау туралы айтып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың басымдығын атап өтті.

"Ол үшін прокурорлар мен адвокаттардың сотта сөз жарыс жүргізуіне шынайы жағдай жасалуы, сот шешімдеріне шағымдану мүмкіндіктерінің кеңейтілуі, бірыңғай сот практикасы қамтамасыз етілуі тиіс. Соттың қорытынды үкімі процеске қатысушыларға да, жалпы қоғамға да түсінікті болуы керек", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси, сот, экономикалық және әлеуметтік салалардағы барлық өзгерістерді шетелдік әріптестерімізге сауатты жеткізу керектігін айтты. Аталған жұмысты Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Ержан Қазыханға үйлестіруді жүктеді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бесінші отырысы онлайн форматта өткені туралы хабарлаған едік. Жиынның күн тәртібінде бес мәселе қарастырылды.

Жиынға қатысушылардың баяндамаларын тыңдаған Президент реформалардың стратегиясын дайындау перспективаларына кеңірек тоқталды. Мемлекет басшысы әр баяндама бойынша ескерту айтып, нақты тапсырма берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909098-memleket-bassysy-sottyn-qorytyndy-ukimi-zalpy-qogamga-da-tusinikti-boluy-kerek/