Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда бір ай бойы зорлық құрбаны болған келіншек ауыр халде ауруханаға түсті

Опубликовано:

Зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Атырауда зорлық құрбаны болған үш баласы бар әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Оның басы жарылған, денесінің сау-тамтығы жоқ деп хабарлайды Астана арнасы.

Қанды оқиға қаланың орталық көшелерінің біріндегі көпқабатты үйде болған. Әйелдің жанұшырған даусын көршілері естіген көрінеді. Бірақ дауыстың қай пәтерден шыққанын бірден аңғара алмаған екен.

”Мен сыртқа шығып, көлігімді қыздырып тұрғанмын. Өте қатты шыңғырған дауыс шықты. Жай дауыс емес жантүршігерлік дауыс. Мен қайдан шығып жатыр деп балконға қарадым. Дауыс басылып қалды. Бес минуттан соң полиция келді. Тағы екі минуттан соң жедел жәрдем келді. Әйелді алып бара жатқанын да көрдім", - дейді куәгер Василий Голубых.

Телеарнаның мәліметінше, келіншекті мұндай жағдайға жеткізген 37 жастағы қала тұрғыны болып шыққан.

"Не молчи" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлованың айтуынша, күдіктінің бұған дейін жасаған әрекетіне құқыққорғау органдары мән бермеген. Ауыр қылмыс екенін біле тұра, немқұрайлылық танытқан дейді ол.

Өйткені, жәбірленуші бұған дейін бір ай бойы зәбір көрген. Полицияға да бірнеше рет шағымданған. Құқыққорғаушылар күдіктіні тек әкімшілік жауапкершілікке ғана тартыпты. Бірақ екі күн қамауда болған күдікті шыққан соң үйдің балконын сындырып кіріп, әйелдің басынан белгісіз затпен ұрып, өзі асылып қалған.

"Аз ғана күнде бірнеше құқық бұзушылық жасаса да неге жауапқа тартпаған. Екі тәулікке қамау. Бұл не деген масқара?!  19-ы күні қамаудан шығып, 20-сы күні әйелге шабуыл жасайды. Қолында қаруы бар. Бұл балға ма, балта ма, әзірге белгісіз. Полиция әзірге ресми жауап бермей отыр. Қазір әйелдің жағдайы ауыр. Полиция осыған қалай жеткізді? Менің ойымша, осы жерде жедел топ іске қосылу тиіс еді және өте ауыр қылмыс ретінде тіркеу тиіс еді", - дейді "Не Молчи" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайылова.

Бұл оқиғаға куә болған әйелдің 4, 11 және 13 жастағы балаларымен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр.  

“Психологтың қорытындысына сәйкес, балалардың мінезінен күйзеліс байқалмаған. Жағдайлары жақсы. Мінездері қалыпты жағдайда. Алдағы уақытта да, бүгін де балалар психологтың бақылауында", - дейді Атырау облысы білім сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Бердібек Тайышев.

Ал дәрігерлер басынан соққы алған келіншектің жағдайы ауыр екенін айтады.

"Тексеру барысында ашық ми жарақаты, бас сүйектерінің сынуы, мидың ауыр дәрежеде соғылуы диагнозы қойылып, қазіргі кезде нейрохирургия бөлімшесінде ем алуда. Операцияны қажет етпейді. Қазіргі кезде есін біледі. Алайда жарақат алу кезіндегі оқиғаның мән-жайын білмейді. Ондай кезде пациент есінен танып қалады. Сол үшін ондай нәрселер есінде сақталмайды", - дейді Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еркін Ербөлеков.

Полиция аталған факті бойынша екі қылмыстық іс қозғаған. Оның бірі- қызметіне салғырт қараған полиция қызметкерлеріне қатысты.

"Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық Кодекстің 371-бабы (салғырттық) бойынша жүргізіліп жатыр", - дейді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзия Мұхтарова.

Әзірге қанша полицейдің жауапқа тартылатыны белгісіз. Ал қоғам белсендісі Дина Смайлова   "Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық" заңын қайта қарап, мұндай қылмыстардың жазасын қатаңдату керегін тағы да айтты.

Б. Надірқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1909108-atyrauda-bir-ai-boiy-zorlyq-qurbany-bolgan-kelinsek-auyr-xalde-auruxanaga-tusti/

pixel