Шымкенттік кәсіпкерлер қаланың бас санитарлық дәрігерінің жұмыстан кетуін талап етті

Опубликовано:

Кәсіпкерлер
Видеодан кадр: КТК

Шымкентте кәсіпкерлер қаланың бас санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қызметінен кетуін талап етті. Олардың айтуынша, карантин шектеулері бір-біріне керағар деп хабарлайды КТК арнасы.

Балмұздақ, дөнер сияқты тамақтарды сыртта сатумен айналысатын 70-тен астам кәсіпкер бас санитарлық дәрігердің қаулысына наразылық танытып, әкімдіктің алдына жиналды.

Оларға Шымкент "қызыл" аймаққа кіруіне байланысты бірнеше күн бұрын шыққан күшейтілген қаулы ұнамаған көрінеді.

Құжатта сыртқа тамақ шығарып сататындар мен базарларға, моншаларға бірдей шектеу қойылған екен. Яғни кешкі сағат 10-нан кейін қызмет көрсетуге тыйым салынған.

Ережені енгізген қаланың бас санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаев екеніне сенімді топ онымен кездескісі келген, назарлық білдірушілер тіпті оған жұмыстан кетсін деген талап қойған.

"Ақ-қарасын ажыратпай, өзінше шешім қабылдап отырған жігіттердің бірі. Төлебаев қазір алдымызды орап жатқан жалғыз адам деуге болады. Баршамыз бірге Төлебаев жұмыстан кетсін дейміз", - дейді кәсіпкер Арман Таңсықбаев.

Дегенмен жиналған топқа басу айтуға не әкім, не бас санитарлық дәрігер келмеген. Тілшілер Әбдіманап Төлебаевпен тек кабинетінде тілдесе алған. Маман қызметінен кетпейтінін ашық айтқан. Ал қаулыны шығарар да бір өзі шешім қабылдамағанын жеткізген.

"Мен отставкаға кететіндей саяси қызметкер емеспін – біріншіден. Екіншіден, мен әкімшілік, мемлекеттік қызметкермін. Қазір өзімнің күш-жігерімде де, білімім де және де бағытым да жұмыстан кететін жағдайда деп санамаймын. Ол кісілер не айтпайды, не қоймайды", - дейді Шымкент қаласының бас санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаев.

Айта кетейік, кәсіпкерлердің жанайқайынан кейін қаулы өзгертілді. Енді тамақты сыртта сататындарға түнгі сағат 10-ға дейін емес, тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік беріліп отыр.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909111-symkentte-zuzdegen-kasipker-qalanyn-bas-sanitarlyq-darigerinin-zumystan-ketuin-talap-etti/