Ақтауда дүкен сатушысына жасалған шабуыл видеоға түсіп қалды

Опубликовано:

шабуыл11
Фото: lada.kz

Ақтауда дүкен қызметкеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды деп хабарлайды Маңғыстау облысының полиция департаментіне сілтеме жасаған lada.kz.

Әлеуметтік желіде Ақтау қаласының 13-шағын ауданындағы азық-түлік дүкенінің сатушысына жасалған шабуылдың видеосы тарады.

Видеодан дүкенге кірген ер адамның сусын алғанын, сосын сатушыға қарай барып, өзіне қарсылық танытқан арудың қолынан ұстап алғанын байқауға болады.

Осы кезде бойжеткен қашуға тырысады, алайда ер адам оны жібермей қылқындыра бастайды.

Оның бұл әрекетінен кейін дүкен қызметкері талып қалады, ал күдікті мұнымен тоқтамай сатушыны бірнеше рет тебеді.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл жайт 22 сәуір күні түнгі 03:07-де болған. Күдікті ізін суытпай ұсталған.

"102 кезекші пультіне белгісіз адамның дүкен сатушысына күш қолданып, ақша мен ұялы телефондарды алып кеткені жайлы қоңырау түсті. Қазір күдікті (Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша) уақытша ұстау изоляторында. Ол кінәсін мойындады. Соталды тергеу жұмыстары жүргізілуде", - дейді құзырлы орган.

Полицияның дерегінше, зардап шегуші аман.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қарағандыда белгісіз ер адам кассирге бензин шашып қорқытып шағын несие ұйымынан 120 мың теңгені алып кеткен болатын.

Кейін күдікті мен оны сыбайласы ұсталды.

Сонымен қатар, ШҚО-да әйел адамның киімін киген ер адам шағын несие ұйымына шабуыл жасап, кейін ұсталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909294-aqtauda-duken-satusysyna-zasalgan-sabuyl-videoga-tusip-qaldy/