"Талапқа бағынбаған жүргізушіні қуып келе жатқан": Түркістанда полиция көлігі апатқа ұшырады

Опубликовано:

полиция
Көрнекі фото: NUR.KZ

Түркістан қаласында мас жүргізушінің ізімен жүрген полиция көлігі жол апатына ұшырады деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылым мәліметінше, тәртіп сақшылары облыс орталығының көшелерін патрульдеу кезінде күдік туғызған “Мерседеске” назар аударған.

Жеңіл көліктің жүргізушісі жылдамдықты үдетіп, полицейлердің "тоқта" деген заңды талабына бағынбай, жасырынуға тырысты.

Осылайша, патрульдік көлік оның ізіне түсіп, “УАЗ-452” автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Ал “Мерседес” жүргізушісін полиция қызметкерлері ұстап, куәландырғаны белгілі болды.

Сараптама қорытындысына жүгінсек, жергілікті тұрғын, яғни ер азамат орта дәрежелі мас күйінде көлік басқарғаны анықталды.

Оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің сегіз бабы бойынша КҚ пайдалану, маневр жасау ережелерін, бағдаршамның тыйым салатын түсін елемей жол жүргені, жаяу жүргіншілердің жүруіне жол бермегені, КҚ жүргізушілерінің сыртқы жарық түсіру аспаптарын бұзғаны, апаттық жағдай туғызғаны, ішкі істер органдары қызметкерлерінің талаптарын орындамағаны және көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік хаттамалар түзілді.

Жиналған материалдарды полиция сотқа жібермек. Қазіргі уақытта “Мерседес” жүргізушісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909319-talapqa-bagynbagan-zurgizusini-quyp-kele-zatqan-turkistanda-policiya-koligi-apatqa-usyrady/