Петропавл тұрғыны көлікпен Есіл өзеніне түсіп кетіп, қайтыс болды

Опубликовано:

Видео
Видеодан кадр: dtp_sko/Instagram

Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар көлікпен бірге суға кеткен ер адамның денесін Есіл өзенінен алып шықты деп хабарлайды Қазақпарат.

Оқыс оқиға 22 сәуірде шамамен түнгі сағат 2.30-да болған.

Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Қызылжар ауданы Қызыл Яр елді мекенінің маңындағы Есіл өзеніне келген екі ер адам "Toyota surf" көлігімен өзенге түсіп кеткен.

Белгілі болғандай ұйықтайын деп жатқан кезде олардың дөңде тұрған көлігі өзенге сырғып кеткен.

Көлік жүргізушісі өздігінен шығып аман қалған, ал қасындағы жолаушысы көз жұмған.

"Хабар түсісімен-ақ оқиға орнына 5 адамнан тұратын құтқару тобы жіберілді. Сүңгуірлер сағат таңғы 6.00-ден іздеу операциясын бастады. Тек сағат 11.00 шамасында ғана автокөлік жағалаудан 30 метр жерден табылды. Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің, полиция қызметкерлерінің қатысуымен көлік судан шығарылды.

Оның ішінен жолаушының денесі табылды. Қайтыс болған ер адам 39 жаста, Петропавл тұрғыны. Алдын ала болжам бойынша, олар балық аулаған. Спирттік ішімдік ішкен. Соңы осылайша қайғылы аяқталды", - дейді өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Сәкен Ағзамов.

Еске сала кетсек, осыған дейін әлеуметтік желіде жүк көлігінің жүргізушісімен қоса батпаққа батып кеткені бейнеленген видео тараған болатын. Қайғылы жағдай Ақмола облысында болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909407-sqo-da-balyq-aulauga-barudyn-sony-qaigyly-zagdaimen-ayaqtaldy/