Министрлік коронавирус жұқтырған 769 адамның жағдайы ауыр екенін хабарлады
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған 769 адамның жағдайы ауыр екенін хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК телеграм арнасына сілтеме жасап.
26 сәуірдегі мәліметтер бойынша, 42 549 адам коронавирус инфекциясынан (42 100 КВИ+ және 449 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 15 273 пациент стационарда, 27 276 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
- 769 адамның жағдайы ауыр;
- 179 пациенттің жағдайы өте ауыр;
- 113 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 2716 адам тіркелді. Олардың дені Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 309 116-ға жетіп отыр.
Одан бөлек, Қазақстанда өткен тәулікте 1799 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Соңғы деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан бойынша қауіпті дерттен айыққандардың саны - 263446.
Сонымен қатар, үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакцинацияны ескере отырып, коронавирусқа қатысты жаңа болжамымен бөлісті.
"Оптимистік сценарий бойынша – егер вакцинация кестеге сәйкес жалғасатын болса, бір тәулікте 3 мыңға дейін жұқтырғандар (коронавирус-ред.) тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша – бір тәулікте жұқтырғандар 4 мыңға дейін тіркеліп, мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін", – дейді министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909657-ministrlik-koronavirus-zuqtyrgan-769-adamnyn-zagdaiy-auyr-ekenin-xabarlady/