Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Банан, мандарин, лимон": ШҚО-ның Абай ауданында экзотикалық жемістер жайқалып өсіп тұр (фото)

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында енді экзотикалық жемістер де өсе бастады. Бұрындары тек дәмі тіл үйіретін қымызымен белгілі аудан, енді банан, мандарин, анар және лимон өсіруді қолға алған деп хабарлайды Altaynews.

Экзотикалық жемістер өсіруді Абай атындағы жалпы орта мектеп қолға алған. Ол жерде арнайы жылыжай салынған.

Белгілі болғандай осыдан бес жыл бұрын мектеп директоры жылыжайға бірнеше тропикалық өсімдіктерді әкеліп, еккен көрінеді.

Олардың арасында тіпті біздің елде өсе бермейтін банан, мандарин, анар, лимон сияқты экзотикалық жемістер де бар. Бүгінде жемістерді күтіп, баптау жұмысын оқушылар мен ұстаздар өз мойнына алған.

"Жылыжайдың жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрайды. Бұған дейін лимон, анар, мандарин өнім берген болатын. 2018 жылы банан ағашын отырғызған едік. Үш жылдан соң, биыл алғаш рет банан гүлдеп, жеміс берді. Жылыжайда бұдан басқа да жемістер мен көкөністердің түрі өсіріледі. Осыған қарап бабын тапсаң, жерімізде кез келген жеміс түрін өсіруге болатынына көз жеткіззіп отырмыз", - дейді мектеп директоры Роллан Рымханұлы.

Фото
Фото: altaynews.kz

Мектеп директорының айтуынша, жылыжайда оқушыларға биология пәнінен практикалық сабақтар өткізіліп, өсімдікті топырақсыз өсірудің әдістері үйретіледі.

"Облысымызда Абай ауданы бұрын тек ауыл шаруашылығымен ғана танымал болатын. Енді біз өсімдік шаруашылығын да мықтап қолға алып жатырмыз. Осыған дейін мұндай жаңалыққа ешкім сенбейтін еді, қазір көріп отырсыздар, біз барлық стереотипті бұзып, жай ғана жеміс-жидек емес, экзотикалық жемістің түр-түрін өсіре бастадық", - дейді мектептегі биология пәні мұғалімдерінің бірі.

Осылайша Ұлы Абай дүниеге келген аудан, енді өзінің атақты "Саржал" қымызымен ғана емес, дәмі тіл үйіретін банандарымен де танылуды көздеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909829-banan-mandarin-limon-sqo-nyn-abai-audanynda-ekzotikalyq-zemister-zaiqalyp-osip-tur-foto/

pixel