Елімізде балалар лагері, ойын-сауық орталықтары мен фуд-корттардың жұмысына рұқсат берілуі мүмкін

Опубликовано:

Балақай
Көрнекі сурет: pixabay.com

Билік Ashyq жобасы аясында кей бизнес салаларының жұмыс істеуіне рұқсат беру мүмкіндігін қарастыруда. Олардың арасында балалар лагерлері мен ойын-сауық орталықтары, фуд-корттар мен фитнес орталықтары бар. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП басшысы министрлер кабинетінің онлайн-отырысында мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды ​​қалаларында 2021 жылдың қаңтарында Ashyq мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылғанын еске салды. Жоба аясында кей бизнес салалары санитарлық нормаларға сәйкес өз жұмысын қайта жалғастыра алады.

26 сәуірден бастап жобаны мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру қолға алынды.

"Бүгінгі таңда Ashyq жобасы келесі кәсіпкерлік нысандарда жүзеге асырылуда: фитнес клубтар, шипажайлар, бассейндер, боулинг, бильярд және компьютер клубтары, кинотеатрлар, театрлар, концерт залдары, тамақтану нысандары, аймақаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдаулар. Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және COVID-19 таралуын мейлінше азайту үшін жекелей қызмет салаларындағыларға да Ashyq мобильді қосымшасын орната отырып, Ashyq жобасына өз еркімен қатысу мүмкіндігі қарастырылған", - деп толықтырды министр.

Бизнестің нақты қай салалары туралы айтылып отырғанын "Атамекен" ҰКП басқармасының төрағасы Аблай Мырзахметов нақтылап берді.

"Опера және балет театрымен бірге Нұр-Сұлтанда Ashyq арқылы келушілерді тіркеу алгоритмі жасалды. Көреремендерімізге осындай жағдай жасау үшін бұл алгоритмдер басқа аймақтардағы театрларда да қолданылатын болады. Ashyq жобасының шеңберінде жұмысын бастауға әзір субъектілер - балалар лагерлері, балалар ойын-сауық орталықтары, көрмелер, фуд-корттар, университеттер, фитнес-орталықтар. Бұл жекелей ғана емес, сонымен қатар топтық бағдарламалар, көрермендермен іс-шаралар өткізгісі келетін түрлі спорттық ұйымдар", - деп қосты ол.

Мырзахметов атап өткендей, бүгінде қонақ үй иелерінен, банктер, мемлекеттік мекемелер мен медициналық орталықтардың басшыларынан өтініштер түсіп жатыр. Бұл қосымшаға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты "Атамекен" ҰКП-ның басшысы премьер-министр Асқар Маминге аталмыш салалардағы объектілерді Ashyq жобасын іске асыру кестесіне қосу мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішпен жүгінді.

Еске салсақ, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз жиыны барысында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пилоттық жоба ретінде іске қосылған QR-код жүйесі туралы айтып берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909879-elimizde-balalar-lageri-oiyn-sauyq-ortalyqtary-men-fud-korttardyn-zumysyna-ruqsat-berilui-mumkin/