Ақтөбеде ерлі-зайыптылар жол апатынан қаза тапты

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Ақтөбеде жас жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде ерлі-зайыптыны қағып кетті. Салдарынан екеуі де мерт болды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, қайғылы жағдай 25 сәуір сағат 21:10-да орын алған.

"19 жастағы "Hyundai Solaris" маркалы көлік жүргізушісі Арынов көшесі бойымен келе жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде ерлі-зайыптыға жол бермей, оларды қағып кетті", - делінген хабарламада.

Жол көлік оқиғасы салдарынан 27 жастағы келіншек оқиға орнында қаза тапты. Ал 29 жастағы күйеуі аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, келесі күні көз жұмды.

Ведомство мәліметінше, көлік жүргізушісі көлік басқару куәлігін 2020 жылдың соңында алған.

Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ақтөбе облысы полиция департаменті басшысы Атығай Арыстанов бұндай оқиғалардың алдын алу үшін жүргізуші мен жаяу жүргінші қарапайым жол ережелерін сақтауы қажет екенін ескертті.

Оның сөзінше, жыл басынан бері Ақтөбе облысында жаяу жүргіншілер өткелінде 12 жол апаты болған. Онда екі жаяу жүргінші қаза болып, 13 адам жарақат алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909910-aqtobede-erli-zaiypty-zol-apatynan-qaza-tapty/