Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адамдарға оқ ату, кісі өлтіру: Қордайдағы тәртіпсіздіктерге қатысты сот үкімін түсіндірді

Опубликовано:

Сот балғасы
Көрнекі фото: piqsels.com

2021 жылы 27 сәуірде Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай өңіріндегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

2020 жылдың 7-8 ақпанында Масанчи, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында зорлық-зомбылық, өртеу, мүлікті қирату, жою және атыс қаруы қолданылған жаппай тәртіпсіздіктер болды.

Нәтижесінде 10 азамат қаза тапты, жанып жатқан сауда орталығының құлауынан 1 адам қайтыс болды, 158 азамат пен 20 полиция қызметкері жарақат алды. 156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 автокөлік зақымданды, олардың иелеріне келтірілген шығын 829,8 млн теңгені құрады, Жамбыл облысының ПД 10 көлігі зақымданды, мемлекетке 3,3 млн шығын келтірді.

Сот тәртіпсіздіктердің басталуына жоғарыда аталған ауылдардың тұрғындары арасындағы тұрмыстық жағдай бойынша ертерек болған оқиғалар себеп болғанын атап өтті.

Сот барлығының заң мен сот алдындағы теңдігі қағидасын басшылыққа ала отырып, жиналған дәлелдемелер негізінде және қылмыстық заңда көзделген жаза шеңберінде шешім қабылдады.

50 адамды кінәлі деп танып, біреуін кінәсінің (жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны) дәлелі жоқтығы үшін ақтады.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің, соның ішінде куәгерлердің айғақтарымен, медициналық, трасеологиялық, биологиялық, молекулярлық-генетикалық, филологиялық, өрт-техникалық сараптамаларының қорытындылары, бақылау камераларынан түсірілген бейнежазбалар, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері дәлелденді.

Сотталушы Ботабасов адамдар тобына мылтықпен дәлдеп оқ атуы салдарынан үш адам қаза тауып, 4 жәбірленуші зардап шеккен.

Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, 3 адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тоқабай қасақана автокөлікпен бір топ адамды басқан. Салдарынан бір адам қайтыс болып, 3 жәбірленуші әртүрлі дене жарақатын алды. Ол 17 жылға сотталды.

Сондай-ақ сотталушы Кәрібаев автокөлікпен қасақана адам басқан. Ал жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған. Ол 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сол сияқты сотталушы Солтанаев та мылтықпен дәлдеп бір топ адамға оқ атып, мерт қылғаны үшін оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тағы бір адам атыс қаруын пайдаланып, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, кісі өлтіруге жәрдемдескені үшін 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бір күдікті жаппай тәртіпсіздік пен тонау, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы мен ірі көлемдегі қарақшылық шабуыл жасап, суық қарумен заңсыз әрекетке қатысқаны үшін 11 жылға сотталды.

Ірі көлемде қарақшылық жасағаны үшін тағы бір адам 7 жылға сотталды. Сол сияқты жаппай тәртіпсіздікке шақырып және оған қатысқаны үшін және бөтеннің мүлкін өртеп, тұрғын үйлерді тонағаны үшін 9 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тап осындай баппен 31 адам жауапкершілікке тартылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олардың қатарында тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, бас бостандығын шектеу түрінде жаза алғандары да бар. Атап айтқанда, 24 адам – шартты түрде бас бостандығынан айырылса, 7 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909914-adamdarga-oq-atu-kisi-oltiru-qordaidagy-tartipsizdikterge-qatysty-sot-ukimin-tusindirdi/

pixel