"Науқастар санының артуы болжамға сәйкес": Бекшин мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Жандарбек Бекшин
Фото: ОКҚ

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында мегаполистегі эпидемиологиялық ахуал жайлы айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Оның сөзінше, жыл басынан 26 сәуірге дейін қалада коронавирустың 33 230 жағдайы тіркелген. Былтыр 18,5 мың болған. Яғни, 1,8 есе артық. Өткен тәулікте 689 адам коронавирус жұқтырған.

"Осы жылдың сәуір айында аурушаңдық болжамды түрде өсуін жалғастыруда. Эпидемияның даму серпіні 3-аптадағы писсемистік болжамға сәйкес келеді. Болжам бойынша 14 483 жағдай көзделген, ал сәуірдің алғашқы үш аптасында вирус жұқтырған 13 397 оқиғасы тіркелді. Сондықтан қаладағы эпидемиологиялық жағдай қазір күрделі. Сол себепті шектеу шараларын жұмсартқан жоқпыз", - деді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар Алматы қаласының бас санитар дәрігері вирустың қазіргі даму динамикасында симптомы бар науқастар санының көбейгенін жеткізді

Оның дерегінше, осы жылғы қаңтар айында симптоммен тіркелген науқастардың үлесі 73 пайыз болса, бүгінде ол 90 пайызға жеткен. Бұл аурудың неғұрлым агрессивті қоздырғышының болуын растайды.

Оған қоса вирустың мутацияланған штамдары пайда болды, дейді Жандарбек Бекшин.

Еске сала кетсек, үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакцинацияны ескере отырып, коронавирусқа қатысты жаңа болжамымен бөлісті.

"Оптимистік сценарий бойынша – егер вакцинация кестеге сәйкес жалғасатын болса, бір тәулікте 3 мыңға дейін жұқтырғандар (коронавирус-ред.) тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша – бір тәулікте жұқтырғандар 4 мыңға дейін тіркеліп, мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін", – дейді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909965-nauqastar-sanynyn-artuy-bolzamga-saikes-beksin-malimdeme-zasady/