Тегін азық-түлік аламыз деп 5 млн қарыз болып қалған қостанайлықтар жанайқайын айтты

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қостанай облысында Әулиекөл ауданының тұрғыны ауылдастарын алдап, Алматыда олардың атына бес миллион теңгеден астам кредит рәсімдеген деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтың Әулиекөл ауданының 31 жастағы тұрғыны екені анықталды.

"31 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты бұл іс Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлімі бойынша ("Алаяқтық") тіркелді. Ол өзінің алаяқтық әрекеттерін, яғни тауарға арналған онлайн-кредитті Алматыда орналасқан жеке кәсіпкерлік атынан жүзеге асырған", - деп хабарлады полиция.

Белгілі болғандай, ауылдастарының жеке мәліметін алу үшін ол әлеуметтік көмекті таратамын деген сылтаумен азаматтарға барып, азық-түлік пакеттерін берген.

Бақылаушы мекемеге есеп беру үшін көмек алған адамдардың жеке мәліметтері мен суреті қажет екенін алға тартқан.

Одан кейін ол бұл мәліметтерді банктердің бірімен келісімшарт жасаған жеке кәсіпкерлік нысанына жолдап отырған. Қаражат алаяқ әйелдің картасына аударылған.

Жәбірленушілер өз аттарына нәсие рәсімделгені туралы банк қызметкерлерінің қоңырауы мен қарызды өтеу туралы хабарлама келгеннен кейін ғана білген.

Осы әйелдің заңға қайшы әрекетінен зардап шеккен сегіз азамат полицияға шағымданған. Келтірілген залалдың жалпы көлемі бес миллион теңгеден асады.

Күдікті бұрын сотты болмаған, кәмелет жасына толмаған баласы бар. Ол әйелден ешқайда шықпау туралы қолхат алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909968-tegin-azyq-tulik-alamyz-dep-5-mln-qaryz-bolyp-qalgan-qostanailyqtar-zanaiqaiyn-aitty/