Президент "Спутник V" вакцинасының екінші дозасын салдырды

Опубликовано:

Президент11
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін "Спутник V" вакцинасының екінші компонентін алды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Оның сөзінше, екпе салдырғаннан кейін мемлекет басшысының денсаулығында ешқандай кінәрат байқалмаған. Президент өзінің жұмыс кестесіне сәйкес қызметін қызу атқарып жатыр.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі вакцинация қарқынын төмендетпеу керек деп санайды. Мемлекет басшысы екпе салдыру барлық шектеулерден арылтып, қайта қалыпты өмірге бастайтын, COVID-19 пандемиясын жеңетін жалғыз жол екеніне кәміл сенеді", - дейді Берік Уәли.

Еске сала кетсек, президент коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 6 сәуір күні салдырды. Сол уақытта Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған "Спутник-V" вакцинасын салдырғанын хабарлаған болатын.

Кейін ол мемлекет басшысының неліктен "Спутник-V" вакцинасын салдырғанын түсіндірген еді.

"Азаматтарымыз әлеуметтік желілерде мемлекет басшысының бұған дейін қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, "Спутник-V" екпесін алғаны жөнінде сұрақтар қоюда. Президенттің әрқашан да отандық өнімді қолдайтынын сенімді түрде айта аламын. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда шығарылған вакцинаны салдырды және біздің ғалымдарға толық сенеді.

Қазақстандық вакцина өндірісі іске қосылғаннан кейін мемлекет басшысы Жамбыл облысына барып, кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуды жоспарлап отыр. Президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті", - деген еді Берік Уәли.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909994-prezident-sputnik-v-vakcinasynyn-ekinsi-dozasyn-saldyrdy/