RU

"Азаматтық некеде тұрған": Атырауда басынан соққы алған әйелге қатысты жаңа дерек шықты

Зорлық11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Атырауда басынан соққы алған әйелге қатысты жаңа деректер пайда болды. Өзіне қол салған марқұмның жақындары бүгін БАҚ өкілдерімен кездесіп, олардың азаматтық некеде тұрғанын айтты.

Марқұмның жақындарының сөзіне сүйенген Астана арнасының хабарлауынша, ер адам мен келіншек былтыр желтоқсан айынан бастап, жігіттің ата-анасымен бірге тұрған.

Олардың сөзінше, әйелді ағайын-туысының бәрі таниды. Бұған тіпті оның келіндік қызмет көрсетіп, шай құйып отырған сәтінде түсірілген фотосуреттер дәлел бола алады екен.

Сондықтан "бір ай бұрын танысып, қыр соңынан қалмай, зорлық-зомбылық көрсетті" деген ақпарат төбемізден жай түсірді дейді олар.

"Жұмыстан келеді. Кешкісін шай дайындайды. "Ата, система алып болсаңыз, келіңіз стол басына", - деп шайын дайындайды. Тамағын пісіреді, мантасын жасайды. Ауру адам не тамақ сұрайды, соның бәрін жасап береді. Екеуің арасында болмаса, бірақ біздің көзімізше олардың төбелесіп жатқанын, айғайласып жатқанын ондай көрмедік", - дейді марқұмның жеңгесі Шұғыла Шәріпова.

Сонымен қатар Шұғыла Шәріпова КТК арнасына берген сұхбатында марқұм қайнысының ешкімге зорлық көрсетпегенін, керісінше әйелдің қыздарын бауырына басқанын мәлім еткен.    

"Ондай болатын болса, бес жасар қызды тастап, жұмысқа кете ала ма? Зорлық-зомбылықпен бір ай бойы ұстады дейді ғой. Ал жақсы, полицияға хабарласты, еш шара қолданбады деп жатыр. Егер зорлық-зомбылық көретін болса, ол қалай жұмысқа барады?! Ол жұмысқа барса, көке-ау, жұмыстағыларға жармасып айтпай ма?! Осылайда осылдай деп", - дейді марқұмның жеңгесі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда бір ай бойы зорлық құрбаны болған келіншектің ауыр халде ауруханаға түскенін хабарлаған едік. Белгілі болғандай оны танысы басынан балғамен ұрып, кейін өзі асылып қалған.

Бұл жайттан кейін 7 бірдей полиция қызметкерінің лауазымынан айырылғаны белгілі болды. Олар қызметтерінде заң бұзушылыққа жол бергені үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Не молчи" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлованың айтуынша, марқұмның бұған дейін жасаған әрекетіне құқыққорғау органдары мән бермеген. Өйткені, жәбірленуші осыған дейін бір ай бойы зәбір көрген. Полицияға да бірнеше рет шағымданған. Құқыққорғаушылар күдіктіні тек әкімшілік жауапкершілікке ғана тартқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909995-azamattyq-nekede-turgan-atyrauda-basynan-soqqy-algan-aielge-qatysty-zana-derekter-paida-boldy/