RU

Талдықорғанда жаңа жылдан бері жалақы алмаған автобус жүргізушілері бас көтерді

автобус жүргізушілері11
Автобус жүргізушілері. : Хабар24

Талдықорғанда жаңа жылдан бері жалақы алмаған 70-тен аса автобустың жүргізушісі жанайқайын жеткізді. Еңбекақыларын күтіп шыдамы таусылған жұмысшылар бүгін жолаушы тасымалдаудан бас тартты деп хабарлайды Хабар24.

Әлеуметтік төлемдер мен жалақыларын алмаған жүргізушілер мен жұмысшылар автопарк алдына жиналған. Олар мекеме басшылығынан маңдай тер еңбекақыларын төлеуді талап етуде.

"Біздің айлығымыз сағатына 258 теңге. 258 теңгені сегіз сағатқа қосады, соны 15 күнге көбейткенде 30968 теңге шығады. Ең төмен жалақы қатарына да кірмейді. Одан салық ұстаған кезде жиырма мың теңге шығады. Соны бермей отыр", - дейді автобус жүргізушісі Нұрдәулет Түндебаев.

Ал автопарк басшылығы бұл жағдайға оқушылардың тегін жүруі үшін төленетін субсидияның уақтылы аударылмауы себеп болғанын айтады.

"Бөлінбеді. Бөлінген жоқ. Содан кішкене қиындық бар. Талдықорған өте кішкентай қала. Одан түскен пайда ГСМ-ге ғана жетеді. Оқушылардың арқасында осы күнге дейін жұмыс істеп келдік", - дейді жолаушы тасымалдаушы компанияның бас директоры Болат Тілеубаев.

Жалақының төленбей отырғанын қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Хамитжанов та растап отыр.

"Бізге белгісіз, ішкі себептермен жалақы төленбеуде. Осы мәселе бойынша прокуратура, еңбек инспекциясының өкілдерімен "Жанел" және "Ақ-нар" мекеме басшыларымен жиналыс өткізіліп, тексеріс жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді", - дейді ол.

Наразылыққа байланысты бүгін он бір бағытта жүретін қоғамдық көлік желіге шықпаған. Қалалықтарға діттеген жеріне автобуспен емес, таксимен баруға тура келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910001-taldyqorganda-zana-zyldan-beri-zalaqy-almagan-avtobus-zurgizusiler-bas-koterdi/