RU

Жеңіс күніне орай қарағандылық соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Жеңістің 76 жылдығына орай Қарағанды облысында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері біржолғы төлем алады. Олардың әрқайсысына миллион теңгеден төленеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мерекеде берілетін төлем өткен жылғы, мерейтойлық деңгейде қалып отыр. Сондай-ақ, облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысқандар мен мүгедектерге теңестірілген тұлғаларға біржолғы материалдық төлем қарастырылған:

– концлагерь тұтқындары – 200 мың теңге;

– Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқандардың жесірі – 50 мың теңге;

– Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 200 мың теңге;

– "ҰОС жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін" медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері – 100 мың теңге;

– 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдар – 50 мың теңге.

"Ардағым – ардагерім" акциясы аясында ардагерлерді мерекемен құттықтап, оларға сыйлықтарды үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен беру жоспарланып отыр. Айта кету керек, бүгінде облыста барлығы 46 соғыс ардагері тұрады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда тағы бір мереке пайда болуы мүмкін екенін жазған едік. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесіне толықтыру енгізген үкімет қаулысы жобасын әзірледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910014-zenis-kunine-orai-qaragandylyq-sogys-ardagerlerine-1-mln-tengeden-beriledi/