RU

Із-түзсіз "жоғалып" кеткен Қызылорда аруы Тараздан табылды

Гүлнұр Нұртаза
Фото: Instagram / nurtaza.gulnur

Қазнетте "Қызылорда аруы - 2017" атанған Гүлнұр Нұртазаның жоғалып кеткені туралы хабарлама тарады. Белгілі болғандай, бойжеткен аман-есен Тараз қаласынан табылып отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түрлі Instagram-пабликтердің ақпараты бойынша, бойжеткенді соңғы рет Алматыдағы барахолка базарында, енді бірі Dostyk Plaza сауда және ойын-сауық орталығында көрген.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі KAZ.NUR.KZ тілшісіне бойжеткен із-түзсіз кетіп, оған жақындары іздеу салғанын растады. 27 сәуір күні кешке оның досы тиісті арызбен полицияға жүгінген.

"Белгілі болғандай, бойжеткен бір күн бұрын ешкімге ескертусіз Тараз қаласына кетіп қалған. Ол байланысқа шықты. Аман-есен", - деді полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде "Қазақстан аруы-2019" байқауының финалисі және "Қызылорда аруы - 2017" Гүлнұр Нұртазаның жоғалып кеткені жөнінде ақпарат тарағанын жазған едік.

Одан бөлек, әлеуметтік желіде Қызылорда аруының дәмханада ыдыс жуып жүрген видеосы тарағанын жазған болатынбыз. Кейін Гүлнұрдың отбасындағы жалғыз қыз екені, 15 жасында әкесі жүрек талмасынан, өткен жылы қыркүйекте анасы коронавирустан қайтыс болғаны туралы дерек анықталды.

Айта кетейік, қызылордалық бойжеткеннің жақын құрбысы Диляра Шәріпханова Гүлнұрдың модель болып түрлі сән көрсетілімдерінде жұмыс істегенін жеткізді. Бірақ карантинге байланысты бұл кәсібін тастауға мәжбүр болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910037-iz-tuzsiz-ketken-qyzylorda-aruy-tarazdan-tabyldy/