RU

Алматыда жолдың қарама-қарсы бетімен жүрген жүргізуші анықталды (видео)

Көше
Фото: polisia.kz

Алматыда жолдың қарама-қарсы бетімен жүріп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші жазаға тартылды деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары ереже бұзушының көлігінен түсірілген видеоны әлеуметтік желіден тауып алған. Полицейлер жүргізушінің Алматы облысының 24 жастағы тұрғыны екенін анықтапты.

"Құқық бұзушының жолаушысы түсірген кадрларда бәрі анық көрсетілген. Мұндай іс-әрекетке жол беруге болмайды. Бұл тек жол қозғалысы ережелерін бұзу ғана емес, бұл азаматтық сананың жоқтығы және жеңілтектік", - дейді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Манап Саттаров.

Сонымен бірге ер адамның бағдаршам тыйым салған қиылысты кесіп өткені, сақтандыру полисінің жоқ екені, көліктің әйнектері күңгірттелгені, тіркеуден алынған көлікті басқарып, апатты жағдай туғызғаны анықталды.

"Одан бөлек, жүргізушінің іс-әрекетінде ұсақ бұзақылық бар. Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оған 11 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 155 мың теңгеге айыппұл салынды", - дейді Манап Саттаров.

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодарда Toyota Land Cruiser мінген 12 жасар баланың әкесіне айыппұл салынғанын жазған едік. Көлік иесі әкімшілік кодекстің 612-бабы "Басқару құқығы жоқ адамға көлiк құралын басқаруға беру" дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910054-almatyda-zoldyn-qarsy-betimen-zurgen-zurgizusi-anyqtaldy-video/