RU

Қорғаныс министрлігі әскери гарнизондағы жұтаң тағамға қатысты түсініктеме берді (видео)

Тағам
Кадр: "Астана" телеарнасы

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысындағы гарнизондардың бірінде сарбаздардың тамақтың сапасына шағымданған видеосы тарады. Бұған қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдірді.

"Астана" телеарнасы хабарлағандай, сарбаздардың тағамның сапасына шағымданған видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен.

Видеодан металл ыдысқа түсініксіз тағам түрі салынғанын байқауға болады.

Ролик авторлары бұл армиялық ботқа екенін, ал сорпа тек қырыққабаттан әзірленетінін, анда-санда бүтін бір ротаға ірімшіктің аздаған бөлігі ғана берілетінін айтып, шағымданған.

Сарбаздар сол тағамның өзі бәріне жете бермейтінін де жасырмаған.

Бұл видеоға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдірді. Олардың мәліметінше, видео 2019 жылы Луговой горнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде түсірілген.

Ведомство ол жерде расымен тамақтануға қатысты мәселе туындағанын, алайда кейін шешімін тауып, содан бері сарбаздарға түрлі тағамдар ұсынылып жүргенін алға тартты.

"Өкінішке қарай, сапасыз қызмет көрсетуге қатысты мәселе туындап жатады. Бұл факті бойынша сол 2019 жылы тиісті шаралар жүргізілген болатын. Луговой горнизонындағы тағам сапасына қатысты мәселе шешімін тапқан", - дейді Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысындағы әскери бөлімде еліміздегі ең ұзын сарбаз борышын өтеп жүргенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910216-qorganys-ministrligi-askeri-garnizondagy-zutan-tagamga-qatysty-tusinikteme-berdi-video/