RU

Соңғы деректер шықты: Қазақстанда неше өңір "қызыл" аймақта тұр

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ресми сайты ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

2021 жылдың 30 сәуірдегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстары "қызыл" аймақта тұр.

"Сары" аймақта Шымкент қаласы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облыстары орналасқан.

Түркістан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары "жасыл" аймақта.

Елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 2853 адам тіркелген. Олардың дені Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 319 818-ге жетіп отыр.

Сонымен қатар, үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакцинацияны ескере отырып, коронавирусқа қатысты жаңа болжамымен бөлісті.

"Оптимистік сценарий бойынша – егер вакцинация кестеге сәйкес жалғасатын болса, бір тәулікте 3 мыңға дейін жұқтырғандар (коронавирус-ред.) тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша – бір тәулікте жұқтырғандар 4 мыңға дейін тіркеліп, мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін", – дейді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910474-songy-derekter-syqty-qazaqstanda-nese-onir-qyzyl-aimaqta-tur/