Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күні бұрын дайындалатынбыз": 1 мамыр мерекесін қазақстандықтар Кеңес одағы кезінде қалай тойлаған

Опубликовано:

1 мамыр
Көрнекі фото: zato-govorim.ru

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі. Бұл күннің шығу тарихына көз жүгіртсек, бүгінде мерекенің атауы ғана емес, мазмұны да өзгерген. Қазақстан аумағын 70 жыл билеген Кеңес үкіметі дәуірінде туып-өскен ұрпақ үшін 1 мамыр мерекесі асыға күткен айтулы күндердің бірі болған. KAZ.NUR.KZ тілшісі мерекенің несімен ел есінде қалғанын жазады.

Жастық шағы Кеңес одағы кезіне тұспа-тұс келген ұрпақ 1 мамырдың КСРО-да басты мерекенің бірі болғанын алға тартады.

Бұл күнді барлығы ерекше күткені соншалық, оған бір күн бұрын дайындалатын болған. Плакатқа сурет салып, қағаздан гүл жасайтын. Ал шеруге қатысатын балаларға ұлттық киім кигізетін.

Сол кездері оқушы болған Алматы облысының тұрғыны Майрабану Есжанова кеңестік ауылдарда Еңбекшілердің ынтымақтастық күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтілгенін айтады.

"Жылда барлық ауыл-қалаларда шерулер өтетін. Оған бір күн бұрын дайындалатынбыз. Оқушы кезімде шерулерге шыққанда мына нәрсе есімде қалыпты. Төрт пен беске оқитын оқушылар өзі алып жүрген бағасын қолына тақтай немесе картоннан ойып, оны бояп, ұстап алатын. Оған шар мен лента байлайтынбыз.

"1 май жасасын!" "Бейбітшілік жасасын!" "Миру мир", "Мир! Труд! Май!" деген сөздері бар плакаттар алдын ала дайындалатын. Қағаздан гүл жасайтынбыз. 1 мамыр күні ашық алаңға жиналып, сапқа тұрып, көше-көшені аралап шығатынбыз.

Екінші бөлімінде халыққа концерт қойылады. Арты спорттан түрлі жарысқа ұласады. Күрес, аударыспақ, жаяу жарыс, арқан тартыс бұлар 1 мамырда міндетті түрде жасалуы тиіс іс-шаралар еді. Халық концерт пен спорттық ойындарды тамашалап үйді-үйіне қайтатын, ал кейбірі түс ауа "маевкаға" шығуға асығатын.

Біз бала кезімізде 1 мамыр мерекесін табиғатқа, көкке шығу үшін ерекше күтетінбіз. Мүғалімдерімізге айтпай, ас-ауқатымызды өзімізбен бірге алып барып, тауда демалып қайтатынбыз", - деп еске алады Алматы облысының тұрғыны.

1 мамыр мерекесі Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде 1889 жылдың шілдесінен атап өтіле басталды. Оның тарихы 1886 жылдың 1 мамырында АҚШ жұмысшыларының 15 сағаттық жұмыс күніне қарсылық танытып, сегіз сағаттық жұмыс күнін талап еткен наразылық акциясымен байланысты.

Қазір бұл мереке Ресейде де өзінің бастапқы саяси мағынасынан айырылып, "Көктем және еңбек күні" ретінде саналады.

Ал Қазақстанда бұл күні елімізде тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын мерекелік шаралар өткізіледі. Мемлекеттік мереке бұрынғыдай ауқымды көлемде тойланбайды.

Айта кетейік, Қазақстанда 2016 жылдан бері 1 наурызда осыған ұқсас Алғыс айту күні аталып өтеді. Қоғамда бұл мерекенің 1 мамырмен мағыналас мереке екеніне қатысты сын айтылып жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910488-kuni-buryn-daiyndalatynbyz-1-mamyr-merekesin-qazaqstandyqtar-kenes-odagy-kezinde-qalai-toilagan/

pixel