RU

Теміртау тұрғыны зейнеткердің заттарын апаруға көмектесемін деп ақшасын ұрлаған (видео)

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: instagram.com/mamochki_temirtau

Теміртауда ер адам 88 жастағы зейнеткерден пакеттерін пәтеріне дейін көтеріп апаруға көмектесем деп, орта жолда тонап кеткен. Осы сәт жәбірленуші тұратын кіре берісте орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Полиция күдіктіні іздестіріп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қарағанды ​​облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желідегі бейнебақылау камерасына түсірілген видеожазбаны жәбірленушінің көршісі жариялады. Кадрларда қолында пакеті спорттық костюм киген ер адам алдымен баспалдақпен көтеріліп, бір уақытта пакетті тінтіп, содан оның тұра қашып шыққанын көруге болады.

"28 сәуірде дәл кіреберісте көршімнің ақшасын ұрлап кетті. Ол дүкеннен пакеттерімен келе жатқан. Кіреберістің жанында тұрған ер адам зейнеткерді көріп, көмек қолын ұсынады. Ойында жаман ештеңе жоқ әжей келісімін береді. Ақырында ер адам пакеттерді пәтерге дейін апарғанда онда жатқан әмияннің ішіндегі бар ақшасын сыпырып алады. 88 жастағы көршімнің полицияға арыз жазуы екіталай. Бірақ бұл адамды көруі тиіс", – деп жазды жәбірленушінің көршісі.

Желі қолданушылары видеодағы әрекетке қатысты сан-алуан пікір жазды. Көбі әжейге жанашырлық танытып, тіпті оған ақша жинап беруді ұсынды. Сондай-ақ, тұрғындар бұл факт Теміртауда болған бірінші жағдай емес екенін айтты.

"Менің әжеме де жас жігіт көмегін ұсынып, үйіне кіріп, ішерге су сұраған. Әжем су құйып жатқанда, жігіт бүкіл зейнетақысын, 100 мың теңгені қалтасына басқан. Полицияға хабарладық", – деп жазды қала тұрғындарының бірі.

Сонымен қатар, Қарағанды ​​облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл видеоны қазірдің өзінде зерттеп, күдіктіні іздеуге кіріскендерін атап өтті.

"Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде бұл видео зерттелді. Факт тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басы мен орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Қарағанды ​​облысы ПД баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910513-temirtau-turgyny-zeinetkerdin-zattaryn-aparuga-komektesemin-dep-aqsasyn-urlagan-video/