RU

"Қолжетімді болады": Министр Қазақстанға тағы бір елдің вакцинасы келетінін жеткізді

Екпе
Көрнекі фото: pexels.com

Халық алдында есеп беру кездесуінде денсаулық сақтау министрі Қазақстанда коронавирусқа қарсы үшінші вакцина пайда болатынын мәлімдеді. Ол - қытайлық Sinopharm технологиясымен жасалған араб вакцинасы Hayat-Vax деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қазіргі уақытта елімізде шектеу жоқ. Вакцинаны Қазақстанның кез келген қаласында салдыруға болады. Осы орайда жақында орналасқан емханаға немесе екпе жүргізіліп жатқан сауда орталығына баруға мүмкіндік жасалды. Вакцина ақысыз түрде жүргізіліп жатыр", - Алексей Цой.

Осы орайда министрі елімізде "Спутник V" және отандық QazVac вакцинасын егу жүргізіліп жатқанын еске салды.

"Бүгін қосымша араб вакцинасын аламыз. Яғни, бұл екпе Sinopharm компаниясының қытайлық технологиясымен өндірілген. Қазіргі кезде осы вакцинаны күтіп отырмыз және оны өңірлерге таратамыз. Осы арқылы бізде халық үшін үш вакцина қолжетімді болады", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакцинацияны ескере отырып, коронавирусқа қатысты жаңа болжамымен бөлісті.

"Оптимистік сценарий бойынша – егер вакцинация кестеге сәйкес жалғасатын болса, бір тәулікте 3 мыңға дейін жұқтырғандар (коронавирус-ред.) тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша – бір тәулікте жұқтырғандар 4 мыңға дейін тіркеліп, мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін", – дейді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910547-qolzetimdi-bolady-ministr-qazaqstanga-tagy-bir-eldin-vakcinasy-keletinin-zetkizdi/