RU

Алматы маңында жүк көлігі ішінде адамдары бар жеңіл көлікті жаншып кетті (видео)

Видеодағы кадр
Видеодағы кадр: куәгерлер

Алматы-Көкпек-Көктал тас жолында, оңтүстік астанаға жақын жерде жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып қалды. Жол апатынан екі ер адам жарақат алып, олардың біреуі оқиға орнында қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралды. Кадрларда жол-көлік оқиғасының салдарынан туындаған кептелісті, жедел жәрдем көлігі және қатты мыжылып қалған Toyota көлігін көруге болады.

Алматы облысының полиция бөлімі хабарлағандай, сағат 11.45 шамасында Алматы-Көкпек-Көктал тас жолының 24 шақырымында Toyota және HOWO көліктерінің қатысуымен жантүршігерлік апат болды.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, жеңіл көліктің 23 жастағы жүргізушісі шығысқа қарай, Панфилов ауылының маңында келе жатып, рульді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, HOWO жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасында Toyota көлігінде отырған 32 жастағы жолаушысы алған жарақатынан көз жұмды. Әртүрлі дене жарақат алған жеңіл автокөліктің жүргізушісі Талғар қаласының орталық аймақтық ауруханасына жеткізілді", – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Жол-көлік оқиғасы бойынша сараптама тағайындаумен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер бар!

Еске салсақ, Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері баланы соғып кетіп, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған жүргізушіні іздеп тапқан болатын. Апатқа кінәліні анықтау бойынша шаралар қабылданды. Бейнебақылау камераларының көмегі тиді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910993-almaty-manynda-zuk-koligi-isinde-adamdary-bar-zenil-kolikti-zansyp-ketti-video/