RU

Атырауда туа сала баласын қоқысқа тастаған келіншектің ісі сотқа жетті (видео)

Сәби
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырауда туа сала баласын қоқысқа тастаған келіншектің ісі сотта қаралды. Айыпталушы мен оның адвокаты сот процесіне журналистердің қатысуына қарсылық білдірді деп хабарлайды "Астана" арнасы.

"Ұяламын" деген шақалақтың анасы сотқа тілшілердің қатысуына қарсы болған. Айыпталушы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының 35 жастағы тұрғыны екені белгілі болып отыр. Келіншек дәретханада босанып, нәрестесін қоқыс алаңына лақтырған деп айыпталуда.

Айыпталушыға қатысты қылмыстық іс алғашында "Жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу" бабымен тергелді. Қазір "Жаңа туған баланы анасының өлтiруі" бабымен қаралып жатыр.

Айта кетейік, сот процесі онлайн өтуде, айыпталушы да ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Ол да бұл процеске онлайн қатысуда.

"Жабық сот отырысында өткізуді" қаулы етіп отыр. Себебі қазіргі таңда сотталушы қарсы болып отыр тілші маманның қатысуына. Себебі, отбасылық тұрмыстық жағдайлар, кикілжің алатын мән-жайлар анықталу мүмкін. Сол себепті, өзінің жағдайын сотталушы елге жариялағанды қаламай отыр. Сол себепті, сот актісін алатын боласыздар", - дейді Қызылқоға аудандық сотының судьясы.

Естеріңізге салайық, қайғылы жағдай биыл қаңтардың 24-і күні болған еді. "Қан кетіп жатыр» деген хабармен жанұшыра жеткен ақ халаттылар әйелдің босанғанын анықтаған. 35 жастағы келіншектің күйеуі және кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Алайда осы жүктілігінде дәрігерлерде есепке тұрмаған.

Б. Нәдірқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911040-atyrauda-tua-sala-balasyn-qoqysqa-tastagan-kelinsektin-isi-sotqa-zetti-video/