RU

80 адам зардап шегіп, 23 адам қаза тапты: Мехикода метро көпірі құлап кетті (фото, видео)

Көпір
Фото: Twitter / @callmyheartless

Мехикода метро көпірі құлап, 80-нен астам адам зардап шекті. Қаза болғандардың саны соңғы мәліметтерге сәйкес, 23 адамға жеткен деп хабарлайды "Хабар 24".

Мексика астанасында метро көпірінің құлауы салдарынан 80-нен астам адам жарақат алды, деп хабарлады Universal.

Қайғылы жағдай Мехико қаласының оңтүстік-шығысында, Оливос және Тесонко станциялары маңында болған.

Көпірдің құлауынан қаза тапқан адам саны 23-ке жеткені белгілі болып отыр. Апат көпір үстімен метро пойызы кетіп бара жатқанда болып, оның астындағы бірнеше көлікті басып қалған.

Оқиға болған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Апаттың себептері анықталуда. Айта кетейік, Мехиконың метро желісінде қаңтар айында бұған дейін де қайғылы оқиға тіркеліп, 29 кісі жарақат алып, 1 адам опат болған еді. Ол кезде бір станцияның диспетчерінде өрт шыққан.

Көпір
Фото: Twitter / @jooniebutter

Еске салсақ, бұған дейін Таразда 1,9 млрд теңгеге салынған көпір жүргізушілердің үрейін тудырып жатқанын жазған едік.

Ені 28, ұзындығы 315 метр болатын құрылыс 2016 жылы басталып, 2018 жылы аяқталған болатын. Оның салынуына шамамен 1,9 млрд теңге жұмсалған. Алайда, қырурар қаржыға тұрғызылған нысан үш жылға жетпей, сыр бере бастаған. Көпірде жарықшақтар пайда болып, тұрғындардың үрейін тудырды.

Ал жергілікті әкімдік өкілдері аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрып, тексерістің болғанын айтады. Нәтижесінде жүргізушілерге қорқатын дәнеңе жоқ деген шешімге келіпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911043-80-adam-zardap-segip-23-adam-qaza-tapty-mexikoda-metro-kopiri-qulap-ketti-foto-video/