RU

Алматыдағы қонақ үйде 1 жасар қызын өлтірді деп айыпталған британиялыққа сот үкімі шықты

Сот
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында кішкентай қызын өлтірді деп айыпталған Баракат Мохаммедке қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Белгілі болғандай, өткен жылдың қазан айында Ұлыбритания азаматы Баракат Мохаммед отбасымен бірге Алматы қаласындағы қонақүйлердің біріне жайғасқан. Сот мәліметіне сәйкес, британиялық азамат алкоголь және есірткіге мас болып, зайыбымен жанжалдасқан, артынша ашуға булығып, бір жасар қызын соққыға жығып, оның өліміне себепкер болған.

Бірінші инстанциялы соттың үкімі бойынша, ер адам баланы қасақана өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Оған қоса, ер адам Қазақстан аумағынан бес жылға қуылды.

Сотталушының кінәсін оқиғаға куә болған қонақүйдегі қызметші әйел растады. Ол қабырғаға ұрылған дыбысты естіген соң бала жылағаны басылып қалғанын, одан кейін жәбірленуші әйелдің қонақүй бөлмесіне кіргенін, ол жерден ес-түссіз баланың денесін шығарғанын айтты.

Оннан астам куәгер әйелдің ресепшенге келіп, мас күйеуінің баласын өлтіргені туралы айтқанын растады. Сот-медициналық сараптама сотталушының эпилептикалық ұстама кезінде бала үстіне құлап, оны абайсызда өлтіріп алғаны туралы нұсқасы растаған жоқ.

Қорғау тарапы ұсынғаны медициналық құжаттар сотталушының бұрын қояншық ауруына шалдыққанын растайтын қандай да бір дәлелдері болған жоқ.

Баракат Мохамед – әуе компаниясының ұшқышы, медициналық тексеруден үнемі өтіп жүрген, денсаулық жағдайы жақсы. Сондықтан сот сотталушыны ешқашан қояншық ауруымен ауырмаған деген тоқтамға келді. Алматы қалалық сотының қаулысы бойынша бірінші инстанциялы сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 24 қазанында Алматы қаласындағы "бес жұлдызды" қонақүйде әкесі өзінің бір жарым жасар қызын соққыға жығып, бала қайтыс болған еді. Бастапқыда ер адамның өз баласын буындырып өлтіргені хабарланды. Одан кейін сәбидің өліміне қатты соққыға жығу себеп болды деген нұсқа шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911057-almatydagy-qonaq-uide-1-zasar-qyzyn-oltirdi-dep-aiyptalgan-britaniyalyqqa-sot-ukimi-syqty/