RU

"Көбісі грузчик": Қытаймен шекаралас ауылдың пандемиядағы тіршілігі қандай (фото)

Бақты
Фото: NUR.KZ

Бақты – Қазақстанның шығысында, Қытаймен шекара маңында мемлекеттік кеден бекеті орналасқан шағын ауыл. Пандемияға дейін тіршілігі қыз-қыз қайнаған елдімекеннің бүгіні өзгеше. Қытайға апаратын күре жол бойы қан ұйыған тамырдай тоқтап тұр. Бұл ауыл жүк көліктерінің үлкен тұрағына айналған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шекараға тиіп тұрған ауылдан көз ұшында Қытайдың Шәуешек округі «мен мұндалап» көрінеді. Ауыл тұрғындарының сөзінше, арғы беттегі биік-биік ғимараттар тек 2010-2015 жылдары көптеп салына бастаған.

Қазақ-қытай шекарасы
Шекараға жақын тұрған Қытай елдімекені. Фото: NUR.KZ

Ауылға кіріп келгенде бірден көзге түсетіні – қатар тізіліп тұрған жүк көліктері.

Бақты тұрғындарының сөзінше, карантинге байланысты шекарадан жүк тасымалына шектеу қойылған. Жүк көліктерінің мемлекеттік шекараны еркін кесіп өте алмауы себепті Қытай жақтан келген жүкті келесі көлікке ауыл жігіттері қолмен тиейді.

Бақты
Жүк таситын көліктер тұрағы. Фото: NUR.KZ

«Ауылда жастарға жұмыс табылды. Көбісі «грузчик» боп кетті. Қытайдан келген жүкті осындағы фураларға тиеп ақша табады. Бірақ соның салдарынан ауылымызда сиыр бағатын жастар жоқ. Табын бос жүр. Тіпті ауыл ішінде жайылып жүр. Сол жағы қиын болды», - дейді ауыл тұрғындары.

Бақты
Фото: NUR.KZ

Бақтылықтар шекараға жақын маңда өмір сүрудің пайдасын көрмесе, еш зиянын тартпағанын айтады.

Бақты
Бақты ауылына кіреберіс. Фото: NUR.KZ
«Өз туған жеріміз, басқа қайда кетеміз. Ауылымыз ұнайды», - дейді бірауыздан тұрғындар.
Бақты
Фото: NUR.KZ

Алайда бақтылықтар көңілдеріне кірбің түсіретін жайттарды да жасырып қалмады. Айтуларынша, былтыр ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су жүргіземіз деп, көше-көшені қазып тастаған. Ал жұмысы аяқталмай қыс түсіп кеткен. Тұрғындардың жолды осы қалпында қалдырмай, биыл жөндейді деген үміті зор.

Бақты
Фото: NUR.KZ

Күн ыси бастаса, елдің көзінше жалаңаштанып шешініп тастайтын жүк көлігінің жүргізушілері ауыл тұрғындарын мезі еткен.

Бақты
Фото: NUR.KZ

Айтып ауыз жиғанша, мектепке жақын маңдағы кеңестік кезеңнен қалған ескі МТБ (МТМ) аумағындағы көлік тұрағында жүрген ресейлік жүргізушілердің іш киіммен жүргенін көз шалды.

Көзге оғаш көрініс әсіресе оқушы қыздар көп жүретін мектеп маңында орын алып жатқаны қынжылтты.

Бақты
Фото: NUR.KZ

Бақтыда негізінен жергілікті тұрғындармен қатар кеденшілер мен шекара қызметіндегі әскерилердің отбасы тұрады.

Ауыл мектебі жаңадан салынған. Бұдан өзге әлеуметтік объектілер - ауыл клубы, амбулатория және шағын мейрамхана жұмыс істейді. Мейрамхана алыс жол жүретін жүргізушілердің тамақтанатын негізгі орны.

Бақты
Фото: NUR.KZ

Айта кету керек, Отау ТВ қосылмай тұрып, шекара аумағына жақын ауыл адамдары Қытайдың қазақтілді телеарналарын тамашалаған. Ауылдағылар интернет желісі туралы да сөз қозғады.

«Біз Отау ТВ қоспай тұрып, қазақстандық телеарналарды білмейтінбіз. Қытайдың қазақша арналарын тамашалап келдік. 2019 жылдан бері ауылда интернет жылдамдығын арттыратын екі мұнара қойылды. Бірақ ауылдың біз тұратын шетінде желі дұрыс емес, оқушылар онлайн оқуда қиналады. Сабақты мұғалімге жіберу үшін орталыққа бару керек», - дейді Жалын Мүсілім есімді ауыл тұрғыны.

Шекара маңы болғандықтан мұнда автоматты желі қосулы болса, қазақстандық мобильді операторда роуминг қызметі қосылып, телефоныңызға Қытай аумағына кіргеніңіз жөнінде хабарлама келеді.

Айта кетейік, 2009 жылғы санақ бойынша ауылда 2500 жуық адам тұрады. Оның 400-ге жуығы мектеп оқушысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911076-kobisi-gruzcik-qytaimen-sekaralas-auyldyn-pandemiyadagy-tirsiligi-qandai-foto/