RU

Петропавлда жеңіл көліктің салонында отырған бұзау желі жұлдызына айналды

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында "Ауди" көлігінде кетіп бара жатқан бұзау желінің жұлдызына айналды деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна ұсынған ақпаратқа сәйкес, өңір тұрғыны көліктің артқы орындығын алып тастап, тірі бұзауды мінгізіп алған.

Оның көлік терезесінен адамдарға тесіле қараған сәтін жолаушылар ұялы телефондарына түсіріп алыпты.

Кадрдан қалаға кіріп бара жатқан көліктегі жануардың жан-жағына жалтақтап қарағанын байқау қиын емес.

Полиция қызметкерлерінің ерекше жолаушысы бар көлікті анықтап, көше бойынан тоқтатқаны белгілі болды

"Ауди" көлігінің жүргізушісі малды ауылдан қалаға сатуға алып келе жатқанын жеткізіп, арнайы көліктің болмағанын түсіндірген. Алайда, бұл оны жазадан құтқара алған жоқ.

Тәртіп сақшыларының шамамен 14 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттегені айтылды.   

"Бұл факті бойынша жүргізушіге Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексінің 593 бабы бірінші бөлігі, яғни ережеден тыс келген жүктерді тасымалдау үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізушіге бес АЕК айыппұл салынды", - деді Солтүстік Қазақстан облыстық патрульдік полиция батальонының взвод командирі Жасұлан Сәдуақасов.

Автор: А. Құрманкин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911144-petropavlda-zenil-koliktin-salonynda-otyrgan-buzau-zeli-zuldyzyna-ainaldy/