RU

1 млн доллардан аса ақшаны Өзбекстаннан Қазақстанға пойызбен өткізбек болғандар ұсталды

Пойыз
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Өзбекстанда Қазақстанға жүк пойызы арқылы аса ірі көлемдегі ақша өткізбек болды деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олардың бірі- құрам машинисі.

Құқыққорғау органдары электровоздардан машинистер жасырған 971 050 АҚШ долларын (415 692 327 теңге), 47 720 еуроны (24 550 959 теңге) және 3 424 500 ресей рублін (19 614 791 теңге) тапты деп хабарлайды "Өзбекстан 24" телеарнасы.

Пойыз Сарыағашқа бағыт алып келе жатқан. Тексеріс аясында машинистерге валютаны басқа азамат бергені анықталды. Олардың екеуі де қызметі үшін 300 АҚШ долларын алған. Қазір үш азамат та ұсталды. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

"Қазіргі уақытта аталған тұлғаларға қатысты қозғалған қылмыстық іс шеңберінде мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеу басқармасы Қылмыстық Кодекстің 182 – бабы бойынша (Өзбекстан Республикасы- ред.) осы ақша қаражаттарының нақты иелерінің жеке басын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауда", – деп келтіреді телеарна МҚҚ баспасөз қызметінің мәлімдемесін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911156-1-mln-dollardan-asa-aqsany-ozbekstannan-qazaqstanga-poiyzben-otkizbek-bolgandar-ustaldy/