RU

Маңғыстау облысында бір жасар бала даладағы дәретханаға түсіп кетті

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Маңғыстау облысында даладағы дәретханаға түсіп кеткен сәбиді ақ халаттылар құтқарып қалды деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылында болған.

Облыстық шұғыл медициналық көмек станциясының мәліметінше, 3 мамыр күні сағат 12:40 шамасында "103" қызметіне жеке үйдің аумағында бір жасар баланың дәретханаға түсіп кеткені туралы хабар түскен.

Сәбидің ата-анасы көршілерімен бірге оны өз бетінше шығарып алуға тырысқанымен, бұл әрекетінен еш нәтиже шықпаған.

Осыдан кейін көмекке Мұнайлы ауданы жедел жәрдем бөлімшесінен медицина қызметкерлері келген.

Жедел жәрдем қызметінің хабарлауынша, дәрігер Нұрулла Ахмедов, фельдшер Бауыржан Тендесбаев және жүргізуші Аташ Ташанов бастаған бригада сәбиді дәретханадан шығару үшін сол жерде жүрген 10-11 жасар жасөспірімді көмекке шақырған.

Яғни олар жеткіншекке бүлдіршінді алып шығу керектігін түсіндіріп, аяғынан ұстап әжетхананың ішіне түсірген. Осылайша сәбиді аман алып қалған.

Құтқарылған сәби тиісті медициналық көмектен соң, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.

Өз кезгінде сәбидің әжесі мен анасы, сондай-ақ көршілері баланы құтқарған ақ халаттыларға алғыс айтқан.

Фото
Фото: instagram.com/mangystau_103

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда ержүрек азамат рельске құлап кеткен балақайды ажалдан арашалап қалғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911210-mangystau-oblysynda-bir-zasar-bala-daladagy-daretxanaga-qulap-ketti/