Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында мектепте "сыра ішкен" мұғалімнің әрекетіне қатысты тексеріс жүргізілуде

Опубликовано:

Сыра
Көрнекі фото: pixabay.com

Желіде Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы мектептердің бірінде сыра ішті деген мұғалімнің фотосы тарады. Облыстағы белсенді блогер, көп балалы ана Сандуғаш Тұрлыбекованың айтуынша, фотодағы әйел аудандағы Ізтілеуов мектебі директорының орынбасары. Блогердің жазбасына қатысты облыстық әкімдіктің баспасөз хатшысы пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сандуғаш Тұрлыбекованың Facebook желісінде жазуынша, сыра ішіп отырған фотосы тараған азаматша Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Т. Ізтілеуов атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары.

100 ақын мен жыраулар шыққан қасиетті өңірдің білім беру ұйымында ішімдік ішіп, ұстаздарға әдістемелік көмек беріп, оқушылар мен ата-аналарға үлгі өнеге көрсетіп жүр ме? Мынау не масқара? Балалар сабақ оқитын партада отырып, білім ордасында қолында сыра, мына кісі осылай тайраңдап жүре береді ме? Неге? Әдеп кодексі қайда?

Мына ханымға осылай білім ордасында жүруге кім рұқсат беріп қойған? Мынадай мұғалімдерге қалай баланы сеніп тапсырамыз? Мына фотолар интернетте тарап жүр. Қатаң шара қолданып жұмыстан босатылсын!", - дейді ол.

Белсенді суреттің интернеттен алынғанын алға тартты.

"Егер мемлекеттік қызметкер жайлы ақпарат жалған болса, фактымен жоққа шығаруы тиіс. Заң бәріне ортақ. Жарайды делік мықты мұғалім болса да, жақсы болса да, мына жерде барлық жақсы қасиетін жоқ қылып отырған өзі ғой, шамалы ойланып ішу керек еді. Мектепте емес басқа жерде, демалыс уақытында. Сондықтан жанашыр әріптестері пікір жазарда ойланыңыз, бұл сіздерге өмірлік сабақ болсын!", - дейді блогер.

KAZ.NUR.KZ тілшісі жазбаға қатысты облыстық білім басқармасынан пікір білдіруін сұрады. Баспасөз хатшысының сөзінше, қазіргі таңда желіде тараған фотоға қатысты ақпаратты тексеру жұмыстары жүргізілуде.

"Қармақшы ауданы Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектебінің мұғаліміне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша аудандық білім бөлімі қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте қызметтік тексеру арқылы педагогикалық этика талаптарының және мектептің ішкі тәртіп ережелерімен, еңбек заңнамаларының сақталуы қаралатын болады. Тексерістен соң заңға сәйкес шешім қабылданады", - дейді басқарма басшылығы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911216-qyzylorda-oblysynda-mektepte-syra-isken-mugalimnin-areketine-qatysty-tekseris-zurgizilude/

pixel